Бибісара Асаубаева АҚШ-тағы турнирде қатарынан үшінші рет тең түсті
Қазақстандық шахматшы АҚШ-тың Сент-Луис қаласында өтіп жатқан Cairns Cup 2026 турнирінің үшінші турында америкалық Элис Лимен кездесті.
Қазақстандық гроссмейстер қара фигурамен ойнап, қарсыласымен тең нәтиже тіркеді. Осылайша Асаубаева турнирдегі үш партияның барлығын тең аяқтап, 1,5 ұпай жинады. Бұған дейін бірінші турда шахматшы Украина өкілі Анна Музычукпен, ал екінші турда үндістандық Вайшали Рамешбабумен тең түскен еді.
Турнир кестесіндегі жағдай
Үш турдан кейін турнир кестесінде Қытай өкілі Тань Чжунъи мен Элис Ли 2,5 ұпайдан жинап, көш бастап келеді. Ал Дивья Дешмухтың еншісінде 2 ұпай бар. Бибісара Асаубаева 1,5 ұпаймен төртінші орында келе жатқан шахматшылар тобына кірді. Бұл топта Анна Музычук, Карисса Ип және Ставрула Цолакиду да бар.
Асаубаеваны тағы алты партия күтеді
Қазақстандық шахматшы Cairns Cup 2026 турнирі бойынша алда 6 кездесу өткізеді. Бүгін, 13 тамызда Асаубаев Грекия өкілі Ставрула Цолакидумен, 14 тамызда Үндістан шахматшысы Хампи Конерумен бақ сынасады. Айта кетейік, биылғы Cairns Cup турнирінің жүлде қоры 250 мың долларды құрайды.