Қазақстан көшпенділер ойындарына 155 спортшы апарады
Құрама сапына 155 спортшы мен 49 жаттықтырушы енді. Жарыс 2026 жылғы 29 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанда өтеді.
Елордада Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың төрағалығымен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық мәселелері бойынша кеңес өтті. Жиында ұлттық құраманың дайындығы, спортшыларды қамтамасыз ету және жарыс алдындағы ұйымдастыру жұмыстары талқыланды.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының құрамы толық бекітілді.
Делегация құрамына 155 спортшы, 49 жаттықтырушы және жарысқа қатысуды қамтамасыз ететін мамандар кірді. Барлық делегация мүшесі бірыңғай спорттық киіммен қамтамасыз етілген.
Көкпарға ерекше назар аударылды
Кеңесте көкпар жарыстарын өткізуге қатысты дайындық мәселелері де жеке қаралды. Атап айтқанда, аттарды тасымалдау, орналастыру, күтіп-бағу және ветеринариялық сүйемелдеу жұмыстары пысықталды. Бұл бағыттағы ұйымдастыру шаралары ұлттық спорт түрлеріндегі нәтижеге тікелей әсер ететін маңызды факторлардың бірі саналады.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2026 жылғы 29 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғыз Республикасында өтеді.
Жарыс бағдарламасына спорттың 43 түрі енгізілген. Жалпы 69 медаль жиынтығы сарапқа салынады.