Отандық ауыр атлет қыздар Азия чемпионатында тарихи нәтиже көрсетті
Кира Данилова мен Маргарита Ермакова Ташкентте жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жүлдегер атанды.
Данилова күміс жүлдегер атанды
Өзбекстан астанасында ауыр атлетикадан жастар мен жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты жалғасып жатыр. Қыздар арасында 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қазақстан құрамасының өкілдері қос жүлдеге ие болды.
Junior санатында Ақмола облысының тумасы Кира Данилова қоссайыс қорытындысы бойынша 213 келіні еңсеріп, Азия чемпионатының күміс медалін жеңіп алды.
Нәтижелер:
1. Шахноза Хайдарова (Өзбекстан) – 220 кг (99+121).
2. Кира Данилова (Қазақстан) – 213 кг (98+115).
3. Хание Шарифи Седех (Иран) – 211 кг (91+120).
Ермакова үшінші орынға табан тіреді
Youth санатында Жетісу облысының өкілі Маргарита Ермакова қоссайыста 211 келі көтеріп, үздік үштікті түйіндеді.
Бұл бәсекеде өзбекстандық Шахноза Хайдарова 220 келімен чемпион атанса, оның отандасы Нурхаёт Кобилова 212 келі нәтижемен күміс жүлдеге ие болды. Ермакова 211 келімен қола медаль еншіледі.
Бұл нәтиже Кира Данилова үшін жасөспірімдер емес, юниорлар арасындағы Азия чемпионатындағы алғашқы жүлде болды. Бұған дейін қазақстандық ауыр атлет 2024 жылғы құрлық біріншілігінде алтыншы, ал 2025 жылы төртінші орын алған еді.
Маргарита Ермакова үшін де Ташкенттегі жарыстың орны ерекше. Ол мансабында алғаш рет халықаралық жарыста қоссайыс қорытындысы бойынша жүлде місе тұтты.
Кира Данилова туралы
Кира Данилова 2008 жылы 8 шілдеде Көкшетауда дүниеге келген. Жеке бапкері – Сергей Шевченко.
Қазақстандық атлет бұған дейін де ірі халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап жүр. 2024 жылы жастар арасындағы Азия чемпионатында 71 келі салмақта күміс жүлдеге ие болды. 2025 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатының қола медалін алып, сол жылы 69 келіде жастар арасындағы Азия чемпионы атанды.