Зілтеміршілер бір салмақта қос медаль иемденді
Қазақстан құрамасы Ташкентте ауыр атлетикадан жасөспірімдер мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының 95 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бірден екі медаль жеңіп алды.
Әскербай қола жүлдегер атанды
Junior санатында Әлихан Әскербай қоссайыс қорытындысы бойынша 361 келіні бағындырды. Қазақ атлеті жұлқа көтеруде 163 келі, серпе көтеруде 198 келі көтеріп, үшінші орынға тұрақтады.
Junior санатындағы үздік үштік:
- Хамидреза Зари (Иран) — 378 кг (164+214)
- Бекзод Гофиржонов (Өзбекстан) — 362 кг (157+205)
- Әлихан Әскербай (Қазақстан) — 361 кг (163+198)
Осылайша қазақстандық зілтемірші күміс жүлдеден небәрі бір келіге қалып қойды.
Жұмабай – Азия чемпионы
Youth санатында өнер көрсеткен Нұржан Жұмабай қарсыластарынан басым түсті. Ол жұлқа көтеруде 159 келіні, серпе көтеруде 195 келіні еңсеріп, қоссайыста 354 келі нәтижемен алтын медаль жеңіп алды.
Youth санатындағы үздік үштік:
- Нұржан Жұмабай (Қазақстан) — 354 кг (159+195)
- Мұхаммадшакир Турдалиев (Өзбекстан) — 349 кг (153+196)
- Әлішер Османов (Өзбекстан) — 335 кг (151+184)
Жұмабай бұл жарыста жұлқа көтеру, серпе көтеру және қоссайыс бойынша үш бірдей Азия рекордын жаңартты.
Әлихан Әскербай туралы
Әлихан Әскербай 2008 жылы 26 сәуірде Жетісу облысының Сарқан қаласында дүниеге келген. Жеке бапкері — Сергей Седов.
Қазақстандық ауыр атлет бұған дейін де халықаралық ареналарда бірнеше рет жүлде алған. Оның негізгі жетістіктері:
- 2024 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионатының жеңімпазы — 67 кг;
- 2025 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионатының жеңімпазы — 71 кг;
- 2025 жылғы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері — 71 кг;
- 2025 жылғы жасөспірімдер Азия ойындарының жеңімпазы — 71 кг;
- 2026 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері — 88 кг.
Әскербай — Қазақстан Республикасының спорт шебері және халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Нұржан Жұмабай туралы
Нұржан Жұмабай 2010 жылы 5 қазанда Алматы облысы Іле ауданы Қараой ауылында дүниеге келген. Жеке бапкері — Азамат Нұрұллаев.
Оның басты жетістіктері:
- 2025 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионатының жеңімпазы — 79 кг;
- 2025 жылғы жасөспірімдер Азия ойындарының чемпионы — 79 кг;
- 2026 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы — 88 кг.
Нұржан Жұмабай да Қазақстан Республикасының спорт шебері және халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие.