80 медаль аз болады: Қазақстанға Азиада-2026 алдында жаңа меже белгіленді
Қазақстан құрамасының 2026 жылы Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындарына дайындығы пысықталды.
Қазақстан Азиадаға 571 спортшы апаруды жоспарлап отыр
XX жазғы Азия ойындары 2026 жылғы 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді.
ҚР Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, құрлықтық додаға Азияның 45 елінен шамамен 15 мың спортшы қатысады. Жарыс барысында 469 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Қазақстан құрамасы Азия ойындарында 35 спорт түрінен бақ сынауды жоспарлап отыр. Қазір алдын ала тізімге 571 спортшы енген. Бұл көрсеткіш Ханчжоуда өткен алдыңғы Азия ойындарымен салыстырғанда жоғары. Ол кезде Қазақстан атынан 523 спортшы өнер көрсеткен.
Ұлттық құраманың түпкілікті құрамы спортшылардың халықаралық жарыстардағы нәтижесіне қарай жасақталады.
Қазақстанға 99 медальдық жоспар қойылды
Туризм және спорт министрлігі федерациялар алдына нақты медальдық міндет белгілеген.
Жоспарға сәйкес Қазақстан құрамасы Азиада-2026-да жалпы 99 жүлде жеңіп алуға тиіс. Медаль жоспарын орындау бойынша тиісті міндеттемені ұлттық спорт федерациялары өз мойнына алған.
Сонымен қатар ведомство халықаралық спорт ұйымдарымен алдын ала жүйелі жұмыс жүргізудің маңызын атап өтті. Халықаралық федерациялармен және салалық мамандармен кәсіби байланысты күшейту қазақстандық спортшылардың нәтижесіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі ретінде қарастырылып отыр.
Дайындыққа 24 шетелдік маман тартылды
ҚР Туризм және спорт министрлігі ұлттық федерациялармен бірлесіп, Қазақстан құрамасын Азия ойындарына дайындаудың кешенді жоспарын әзірлеген.
Спортшыларға:
- толыққанды оқу-жаттығу процесі;
- медициналық қолдау;
- психологиялық көмек;
- арнайы тамақтану;
- қажетті спорттық жабдықтар;
- білікті бапкерлермен жұмыс істеу мүмкіндігі қамтамасыз етілген.
Ұлттық құраманың дайындығын күшейту мақсатында 11 елден 24 шетелдік бапкер-консультант шақырылған. Олар 13 спорт түрі бойынша қазақстандық атлеттермен жұмыс істейді.
Отандастарымыз 282 халықаралық жарысқа қатысты
Жыл басынан бері Қазақстанның ұлттық командалары 226 оқу-жаттығу жиынын өткізген. Сонымен бірге спортшылар 282 халықаралық жарыста бақ сынады. Оның ішінде:
- 26 әлем чемпионаты;
- 71 Әлем кубогының кезеңі;
- 37 Азия чемпионаты;
- 148 халықаралық турнир бар.
Жалпы бұл жарыстар 68 спорт түрін қамтыған.
Азия ойындары басталғанға дейін қазақстандық спортшыларды тағы 31 халықаралық жарыс пен 73 оқу-жаттығу жиыны күтіп тұр.
Азиада басты жарыс
Нагояда өтетін XX жазғы Азия ойындары Қазақстан спорты үшін 2026 жылдың ең маңызды додаларының біріне айналмақ.
Бұған дейінгі жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 80 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 10 алтын, 22 күміс және 48 қола жүлде бар.