Бибісара Асаубаева АҚШ-тағы супертурнирде жеңіске жетті
Қазақстандық шахматшы АҚШ-тың Сент-Луис қаласында өтіп жатқан Cairns Cup 2026 супертурнирінде алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Төртінші турда қазақстандық шахматшы Швейцария өкілі Александра Костенюкпен кездесті. Бибісара партияны ақ фигуралармен бастап, қарсыласын жеңді. Бұл Асаубаеваның биылғы Cairns Cup турниріндегі алғашқы жеңісі.
Бұған дейін ол үш кездесудің барлығын тең нәтижеде аяқтаған еді. Шахматшы бірінші турда украиналық Анна Музычукпен, екінші кезеңде үндістандық Вайшали Рамешбабумен, үшінші турда америкалық Элис Лимен тең түсті.
Турнир кестесінде жоғары көтерілді
Төрт турдан кейін Бибісара Асаубаева 2,5 ұпаймен көшбасшылар тобына кірді. Рейтингте Қытай өкілі Тань Чжунъи 3,5 ұпаймен көш бастаса, Бибісара Асаубаева, Дивья Дешмух (Үндістан), Ставрула Цолакиду (Грекия) және Элис Ли (АҚШ) 2,5 ұпаймен екінші орынға жайғасты.
Келесі бесінші турда Асаубаева үндістандық Дивья Дешмухқа қарсы ойнайды. Сент-Луистегі дода 19 тамызға дейін жалғасады. Турнирдің жалпы жүлде қоры 250 мың долларды құрайды.