Қазақстан Азиаданы төрт алтынмен бастады, Өзбекстан бір медаль алды
Қазақстан Жапонияның 2026 жылғы Азия ойындарының алғашқы жарыс күнінен кейін медальдар кестесінде төртінші орынға жайғасты. Ал Өзбекстан әзірге бір күміс жүлдемен 16-сатыда тұр.
Қазақстан қоржынында алты медаль бар
Азиаданың алғашқы күнінде қазақстандық спортшылар төрт алтын және екі қола медаль жеңіп алды.
Ел құрамасына алтын жүлде сыйлаған спортшылар:
- Алексей Луценко — велоспорт;
- Рината Сұлтанова — велоспорт;
- Жоламан Биғабыл — каратэ;
- Софья Берульцева — каратэ.
Триатлоншы Арлан Жаңабай қола медаль иеленді. Сондай-ақ қазіргі бессайыстан Қазақстан ерлер құрамасы үздік үштікті түйіндеді. Команда сапында Темірлан Әбдірайымов, Тихон Варехин, Лев Чувашов және Кирилл Стадник өнер көрсетті.
Осы нәтижелердің арқасында Қазақстан жалпыкомандалық есепте төртінші орынға көтерілді.
Өзбекстан бір күміспен шектелді
Өзбекстан құрамасы Азиада-2026 додасының алғашқы күнінде жалғыз медаль еншіледі. Каратэден 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Хумоюнмирзо Халимов күміс жүлдегер атанды.
Өзбекстан медальдар кестесінде Катармен бірге 16-орынды бөлісіп тұр.
Бірінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қытай құрамасы 20 жүлдемен жалпы есептің көшін бастады. Қытайлықтар 11 алтын, 6 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды.
Екінші орында 21 медалі бар Жапония орналасқан. Жарыс қожайындарының еншісінде 6 алтын, 8 күміс және 7 қола жүлде бар.
Үздік үштікті Оңтүстік Корея түйіндеді. Кореялықтар 4 алтын, 3 күміс және 7 қола медальға қол жеткізді.