Жеңіл атлетика федерациясы Тоқсанбаеваның дисквалификациясына шағым түсірді
Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясы Ясмина Тоқсанбаеваның Азиададағы нәтижесінің жойылуына қатысты шешімге шағым түсіретінін мәлімдеді.
Федерация Жапонияда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында қазақстандық спортшының айналасында қалыптасқан жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасады. Ясмина Тоқсанбаева Азиадада спорттық жүрістен марафондық қашықтық 42,195 шақырымды 3:22:20 нәтижесімен аяқтап, Қазақстан қоржынына алтын медаль әкелген.
Алайда жарыстан кейін спортшының аяқ киіміне қатысты наразылық түсіп, нәтижені жою туралы шешім қабылданған. Мәлімдемеде спортшының аяқ киімі жарыс басталғанға дейін тексерілгенін және оған сайысқа қатысуға рұқсат берілгені атап өтілді.
"World Athletics ұйымының рұқсат етілген аяқ киімдер тізімінде ASICS бренді көрсетілген. Алайда Ясмина жарыста пайдаланған аяқ киімнің нақты моделі аталған тізімде болмаған. Сонымен қатар жарыс басталғанға дейін спортшының аяқ киімі тексеріліп, жарысқа қатысуына рұқсат берілген. Осыған байланысты федерация Ясминаның құқықтары мен мүддесін қорғау жұмысын әрі қарай жалғастырады.
Сонымен бірге Федерация өз жауапкершілігін де жоққа шығармайды. Спортшының сапалы дайындығы мен жарыстағы нәтижесінен бөлек, белгіленген регламенттер мен техникалық талаптарды сақтау, сондай-ақ халықаралық спорт ұйымдарында спортшылардың мүддесін тиімді қорғау да маңызды.", — делінген аталған мәлімдемеде.
Тоқсанбаеваға сыйақы төленеді
Федерация Ясминаны өздері үшін Азиада чемпионы деп санайтынын мәлімдеп, нәтижеге қатысты шағымның қалай аяқталатынына қарамастан, спортшыға тиесілі барлық жүлде ақшасын өз қаражаты есебінен толық төлейтінін жеткізді.
"Біз үшін Ясмина – чемпион. Федерация оны қолдауды жалғастырады. Біздің жіберген шағымымыз бен наразылығымыздың нәтижесіне қарамастан, чемпионға тиесілі барлық сыйақы Федерацияның өз қаражаты есебінен толық көлемде төленеді."