Ясмина Тоқсанбаеваның Азиададағы "алтыны" жойылды
Қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаева Азия ойындарында спорттық жүрістен жеңіп алған алтын медалінің нәтижесі жойылғанын мәлімдеді.
Спортшы бұл туралы Instagram парақшасында жазды.
"Нәтиже жойылды. Біз соңына дейін күрестік. Осындай өткінші эмоцияларым үшін кешіріңіздер. Мен алтынды қатты сыйлағым келді. Бірақ Жаратушының жолы бізге беймәлім, бұл да мені арманымның жолынан тоқтатпайды. Соңына дейін мен үшін күрескен барлық суперқаһармандарыма рақмет. Бүгін мені мың бөлікке бөліп тастағандай болды", — деп жазды Тоқсанбаева.
Ясмина Тоқсанбаеваның нәтижесіне қатысты наразылық оның жарыста пайдаланған спорттық аяқ киіміне байланысты түскен. Бұған дейін қарсыластары қазақстандық спортшы киген аяқ киімнің Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы рұқсат берген тізімге сәйкестігіне күмән келтірген болатын.
Федерация наразылықты қарастырып, Тоқсанбаеваның аяқ киім үлгісінің талаптарға сәйкестігін тексерген. Алайда қазіргі уақытта төрешілер комитеті істің аяқталғаны туралы ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Азия ойындарының ресми порталында да түпкілікті шешім әзірге жарияланбаған.
Сондықтан атлеттің нәтижесінің жойылғаны туралы ақпарат әзірге спортшының жеке мәлімдемесіне негізделіп отыр.