Тоқсанбаева Азиададағы "алтыны" жойылуы мүмкін деген жағдайға пікір білдірді
Азия ойындарында спорттық жүрістен топ жарған қазақстандықтың нәтижесі қарсыластар тарапынан берілген наразылыққа байланысты әзірге ресми медаль есебіне енгізілмеген.
Тарихи нәтижесін қайта көрсетуге дайын
Ясмина Тоқсанбаева әлеуметтік желідегі парақшасында 42,195 шақырымдық жарыста Азияның жаңа рекорды тіркелгенін атап өтті. Өзі жүлдеден айырылған жағдайда да бұл нәтижені қайта көрсетуге дайын екенін жеткізді.
"Бүгін біз Азияның жаңа рекордын орнаттық, бүгін тарихты қайта жаздық! Тіпті мұны менен алып қойса да, мен қайта оралып, тағы да қайталаймын!" – деп жазды Ясмина Тоқсанбаева Instagram Stories-та.
Дау аяқ киімuе қатысты шықты
Жарыстан кейін Тоқсанбаеваның кроссовкасына байланысты наразылық түскен. Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы қазақстандықтың пайдаланған аяқ киім үлгісінің рұқсат етілген модельдер тізіміне сәйкестігін тексеріп жатыр. Осы тексеріс аяқталғанға дейін Тоқсанбаеваның нәтижесі жөніндегі түпкілікті шешім қабылданған жоқ.
Ясмина Тоқсанбаеваның жеңісі расталған жағдайда бұл Қазақстан құрамасының Азиада-2026 ойындарындағы оныншы алтын медалі болады. Бірақ тексеріс жүріп жатқандықтан аталған жүлде Азия ойындарының онлайн медаль кестесінде әзірге ресми түрде есепке алынбаған.
