Азиадада "қола" алған өзбекстандық файтер допинг дауына ілікті
Жартылай финалда Нодирбек Шавкатов Қазақстан өкілі Қадырбек Шынбаевтан 0:3 есебімен жеңіліп, турнирді қола медальмен аяқтаған еді.
Өзбекстандық ММА спортшысы Нодирбек Шавкатов 2026 жылғы Азия ойындарынан кейін допингке қатысты күдікке ілікті.
Халықаралық тестілеу агенттігінің (ITA) мәліметінше, 22 қыркүйекте спортшыдан алынған сынамадан мельдоний анықталған. Бұл зат Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) тыйым салынған препараттар тізіміне кіреді және гормондық әрі метаболикалық модуляторлар санатына жатады.
Спортшы уақытша шеттетілді
Нодирбек Шавкатов іс толық қаралып біткенге дейін жарыстардан уақытша шеттетілді. Спортшыға жаттығу өткізуге, бапкерлік қызметпен айналысуға және Азия ойындары аясындағы өзге де спорттық әрекеттерге қатысуға тыйым салынды.
Айта кетейік, Азия ойындары-2026 турнирінде Шавкатов ММА-дың Modern бағыты бойынша 71 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті.
Жартылай финалда ол Қазақстан өкілі Қадырбек Шынбаевтан 0:3 есебімен жеңіліп, турнирді қола медальмен аяқтаған еді.