Өзбекстандық шахматшылар миллионер атанады
Самарқандта 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында топ жарған Өзбекстанның бес ойыншысына мемлекеттен әрқайсысына 200 мың доллардан сыйақы беріледі.
Чемпиондарға қанша сыйақы тағайындалды?
ChessBase India мәліметінше, бес шахматшыға төленетін сыйақының жалпы көлемі бір миллион долларға тең. Команда жаттықтырушысына тағы 50 мың доллар беріледі. Осылайша ойыншылар мен жаттықтырушыға арналған төлемнің жиынтық сомасы 1,05 миллион долларға жетеді.
Penalty.kz келтірген есеп бойынша бір ойыншының сыйақысы 88 376 000 теңгеге, ал жаттықтырушының үлесі 22 094 000 теңгеге тең.
Сыйақы мөлшері Өзбекстан президентінің 2026 жылғы 21 қыркүйектегі шешімімен бекітілген. Құжатқа сәйкес ересектер арасындағы шахмат олимпиадасының күміс жүлдесіне 100 мың, қола жүлдесіне 50 мың доллар қарастырылған. FIDE аясындағы әлемдік деңгейдегі жарыстағы жеңіс үшін 15 мың, құрлықтық жарыстағы жеңіс үшін 10 мың доллар, ал халықаралық гроссмейстер атағын алғаны үшін 5 мың доллар төленеді.
Өзбекстан алтынды қалай жеңіп алды?
Соңғы турда Өзбекстан құрамасы Украинаны 2,5:1,5 есебімен жеңіп, командалық сайыста екінші рет чемпион атанды. Алғашқы алтынды өзбекстандық шахматшылар 2022 жылы Ченнайда жеңіп алған еді.
Самарқандағы чемпион құрамда Нодирбек Абдусатторов, Жавохир Синдаров, Нодирбек Якуббоев, Шамсиддин Вохидов және Мухиддин Мадаминов өнер көрсетті. Команда капитаны — FIDE-нің 2004 жылғы әлем чемпионы Рустам Қасымжанов.