Жуырда танымал файтер қазақ қыздарына тіл тигізген стримерлерге қатысты өз ойын айтып, видеоүндеу жолдаған болатын.
Қазақстандық ММА жауынгері Еркебұлан Тоқтар әлеуметтік желіде қазақстандық қыздарға балағат сөз айтып, қорлағандарға қатысты видеоүндеу жариялады.
Еске салайық, стримерлер Анар Абдуллаев пен Ренатко тікелей эфир кезінде қазақстандық қыздардың намысына тиетін сөздер айтып, қоғамда үлкен наразылық тудырған еді. Осы әрекеті үшін олар Қазақстанда 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Алматы қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, Медеу аудандық полиция басқармасына қарасты бөлім екі шетел азаматына қатысты әкімшілік іс қозғаған.
“Аталған тұлғалардың әлеуметтік желіде қоғамдық тәртіп нормаларын бұзатын, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына қайшы келетін бейәдеп сөздер айтқаны анықталды. Материалдар Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданып, сот шешімімен екі азамат 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды”, – делінген полиция мәлімдемесінде.
Қамау фактісін стример Равшан растады. Ол жанжал кезінде Анар мен Ренатпен бірге болған.
“Біз де, жігіттер де ешқашан сөзімізбен немесе іс-әрекетімізбен негатив таратуды мақсат етпедік. Кімнің көңіліне тисек, барлығынан шын жүректен кешірім сұраймыз”, – деді ол.
Бұл жағдайға Еркебұлан Тоқтар да бейжай қалмай, үндеу жасады. Ол өз видеосында Қазақстанда әйелдерге деген құрметсіздікке жол берілмейтінін атап өтті.
“Жігіттер, менің аумағымда, менің станымда тағы бір рет осындай жағдай қайталанса, мен сендерді қол жүгі етіп жіберем. Жеке өзім уәде берем — сендерді қол жүгі ретінде жіберем. Үйге бөлшек-бөлшек болып қайтасыңдар”, – деді Тоқтар.
Сондай-ақ ол қазақ қыздарының қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті.
“Әр қазақ қызы — қазақтың ұрпағы, анасы, қарындасы. Оларға намысына тигендермен басқаша шешіледі”, – деп жазды спортшы видеосының сипаттамасында.
Бұл оқиға әлеуметтік желіде кеңінен талқыға түсіп, желі қолданушылары құқық қорғау органдарының әрекетіне қолдау білдірді. Еркебұлан Тоқтардың ұстанымына да оң баға берді.