9 ақпанда қазақ поэзиясының алып тұлғасы Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толады. Осы атаулы күн қарсаңында Қазақстан бокс құрамасының бірқатар мүшесі ақынның өлеңін оқып, рухани мұраға құрмет білдірді.
Ұлттық құрама спортшылары оқу-жаттығу жиыны аясында шағын әдеби сәт ұйымдастырып, Мұқағалидің “Үш бақытым” өлеңін мәнерлеп оқыған. Команда өкілдерінің айтуынша, мұндай бастамалар спортшылардың рухани әлемін байытып қана қоймай, елдік құндылықтарды ұлықтауға сеп болады.
Мақатаев поэзиясы – қазақтың мінезі мен мұңы, үміті мен өрлігі тоғысқан қазына. Сондықтан боксшылардың бұл қадамы жанкүйерлер тарапынан да жылы қабылданды.
Мұқағали Мақатаев – қазақ әдебиетінің классигі, лирикаға жаңа тыныс әкелген ақын. Оның өлеңдері ұлт рухын, адамдық болмысты, туған жерге сүйіспеншілікті терең бейнелеуімен ерекшеленеді.
Боксшылардың өлең оқыған видеосы мен кадрлары көпшілікке тарап, жанкүйерлер ұлттық құраманың тек спорттағы емес, руханияттағы белсенділігін де атап өтті.