"Жаным – қазақ": Нидерланд рекордшысы Қазақстанға деген ерекше ықыласын білдірді
Жүзуден Нидерланд құрамасының өкілі, қазақтан шыққан белгілі жүзгіш Шон Ниволд Қазақстанмен байланысы туралы айтып, елімізге деген ыстық ықыласын жеткізді.
"Қазақстан – менің үйім": Шон Ниволд ағынан жарылды
Нидерландтық жүзгіш журналист Асылбек Даниярға берген сұхбатында Қазақстанға жиі келетінін және мұндағы жанкүйерлердің қолдауын ерекше сезінетінін айтты.
Спортшы бұған дейін еліміздің бірнеше қаласында болғанын атап өтті.
"Мен Атырауда, Алматыда және Астанада болдым. Қазақстанға жиі келіп тұрамыз. Сондықтан бұл ел маған бөтен емес, өз үйімдей сезіледі. Жаным – қазақ! Бұған дейін Қазақстанға бірнеше мәрте келгеніммен, мұнда алғаш рет жарысқа қатысып отырмын. Бәрі керемет өтіп жатыр. Жанкүйерлердің маған ерекше қолдау көрсеткенін алғаш рет сезіндім. Мұндай қошемет адамға керемет әсер сыйлайды. Мен Қазақстанды шын жүректен жақсы көремін", – деді Ниволд.
Нидерланд рекордшысының қазақпен қандай байланысы бар?
Шон Ниволдтың Қазақстанға деген жақындығының өзіндік себебі бар. Оның анасы – қазақ. Спортшының нағашы жұрты Кіші жүздің Адай руынан тарайды.
Нидерланд намысын қорғап жүрген жүзгіш өзінің қазақ тамыры туралы бұған дейін де бірнеше рет айтқан. Тіпті халықаралық жарыстарда Қазақстан құрамасының атынан өнер көрсетуді армандайтынын жасырмаған.
Осыған байланысты оның қазақстандық жанкүйерлер арасында танымалдығы артып келеді.
Астанадағы әлем кубогында жүлде жеңіп алды
Шон Ниволд қазіргі уақытта Астанада өтіп жатқан жүзуден әлем кубогының кезеңіне қатысып жатыр. Ол 100 метрге еркін стильде жүзу сайысында үздік үштікке еніп, қола медаль иеленді. Нидерландтық жүзгіш аталған қашықтықты 46,72 секундта бағындырды.
Бұл нәтиже оның Қазақстандағы алғашқы жарысын жүлдемен бастағанын білдіреді.
Шон Ниволд – Нидерландтың бірнеше дүркін чемпионы әрі ел рекордтарының иегері.
Спортшының басты жетістіктері:
- 50 метрге еркін стильде жүзуден Нидерланд рекордшысы;
- 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуден ел рекордшысы;
- 2024 жылғы Париж Олимпиадасының қатысушысы;
- Эстафеталық жарыстарда Еуропа чемпионаттарының күміс жүлдегері;
- Астанадағы әлем кубогы кезеңінің қола жүлдегері.