Әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай қылмысқа күдіктіні іздеуге көмек сұрады
Каратэден әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай Қызылордада болған қайғылы жол-көлік оқиғасына байланысты көпшіліктен көмек сұрады.
Жол апатынан бес айлық сәби көз жұмды
Қайғылы оқиға 13 қазанда Қызылорда қаласында болған. Halyqstan Telegram арнасының мәліметінше, шамамен сағат 17:10-да жоғары жылдамдықпен келе жатқан Mitsubishi Lancer автокөлігі баласымен бірге жүрген әйелді қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасынан кейін жүргізуші зардап шеккендерге көмек көрсетпестен, оқиға орнынан бой тасалаған.
Ауыр жарақат алған бес айлық нәресте ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Жаңбырбайдың жеңгесі жансақтау бөлімінде жатыр
Әлем чемпионы "Спорт Шредингера" басылымына берген мәліметінде зардап шеккен әйелдің туған ағасының жұбайы, ал қаза тапқан нәрестенің өзінің жиені екенін растаған.
26 жастағы әйелдің денесінің сол жақ бөлігі ауыр жарақаттанып, бірнеше сүйегі сынған. Сондай-ақ оның бас миы қатты зақымданған. Оқиғадан кейін әйел жансақтау бөліміне жатқызылған. Үшінші тәулік қатарынан оның жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.
Күдікті әлі табылған жоқ
Қызылорда облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жол-көлік оқиғасына қатысы бар күдіктінің жеке басы анықталған. Қазіргі уақытта оған іздеу жарияланған. Бірақ Мөлдір Жаңбырбайдың отбасы тергеу жұмыстарының барысына алаңдаушылық білдіріп отыр.
Спортшының айтуынша, көлік тізгіндеген азамат мас күйде болған деген күдік бар. Оның сөзінше, автокөлік ішінен алкогольдік сусындардың бос құтылары табылған. Сонымен қатар Жаңбырбай жүргізушінің жол апатынан кейін жеке заттарын көлікте қалдырып, аяқкиімсіз қашып кеткенін мәлімдеді.

Жәбірленуші тараптың айтуынша, күдікті бұған дейін де екі рет адам қағуға қатысы болуы мүмкін. Дегенмен отбасы қолындағы мәліметтерге сүйеніп, оның бұрын жауапкершіліктен құтылып кеткенін алға тартады.
Бұл ақпарат әзірге құқық қорғау органдары тарапынан ресми расталған жоқ. Мөлдір Жаңбырбай мен оның жақындары күдіктінің елден кетіп, жауапкершіліктен жалтаруы мүмкін деп қауіптенеді. Сондықтан олар оны іздестіруге көмектесуді және істің әділ тергелуін сұрап отыр.