Елена Рыбакина "Уимблдон" турнирін қиын жеңіспен бастады

Спорт шолушысы
30.06.2026, 21:35

Қазақстанның бірінші ракеткасы Лондондағы "Уимблдон-2026" турнирінің алғашқы айналымында жеңіске жетті.

pickdawgz.com

Алғашқы айналымнан өтті

Елена Рыбакина "Уимблдондағы" алғашқы кездесуін франциялық Лоис Буассонға қарсы өткізді. Қарсыласы WTA рейтингінде 154-орында тұрғанымен қазақстандық теннисшіге оңайлықпен беріле қойған жоқ.

Қазақстандық теннисші алғашқы партияда басымдық танытып, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Бірақ екінші сетте Буассон ойынын күшейтіп, Рыбакинаға үлкен қиындық тудырды. Франциялық теннисші бұл партияны 6:1 есебімен өз пайдасына аяқтады.

Шешуші үшінші сетте Рыбакина қайта жинақталып, маңызды сәттерде сенімді ойнады. Нәтижесінде қазақстандық теннисші 6:3 есебімен жеңіске жетіп, келесі кезеңге жолдама алды.

Алғашқы кездесу

Рыбакина мен Буассон бұған дейін ресми турнирлерде бір-бірімен ойнамаған. Сондықтан бұл матч екі теннисшінің өзара алғашқы кездесуі ретінде тіркелді.

Буассон рейтингте төмен тұрғанымен Лондонда фаворитке қарсы лайықты қарсылық көрсетті. Дегенмен тәжірибе мен шешуші сәттердегі сабыр Рыбакинаның пайдасына шешілді.

"Уимблдонның" екінші кезеңінде Елена Рыбакина румыниялық Елена-Габриэла Рузе мен америкалық Кэти Макналли арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі.

Лондондағы "Уимблдон» турнирінің қазіргі чемпионы — польшалық Ига Швёнтек. Ол былтырғы финалда америкалық Аманда Анисимованы 6:0, 6:0 есебімен айқын жеңген.

Реклама
Реклама