Соня Жиенбаева Португалиядағы ITF турнирінде камбэк жасады
Қазақстан құрамасының теннисшісі Соня Жиенбаева Элвас қаласындағы ITF W50 турнирінің жұптық сайысында сәтті старт алды.
Жиенбаева мен Дапкуте алғашқы айналымнан өтті
Португалиядағы ITF W50 санатындағы турнирдің жұптық бәсекесінде Соня Жиенбаева мен литвалық Ивета Дапкуте корт иесі Мария Гарсия және америкалық Ди Джей Беннетт жұбына қарсы ойнады.
Қазақстандық-литвалық дуэт үшін кездесу оңай басталған жоқ. Олар бірінші партияда қарсыластарына жол берді. Бірақ екінші сетте ойын ырғағын өзгертіп, есепті теңестіре алды.
Матч тағдыры супер тай-брейкте шешілді. Бұл сәтте Жиенбаева мен Дапкуте сенімді қимылдап, жеңісті жұлып алды — 3:6, 6:2, 10:6.
Келесі қарсыластары кім?
Екінші айналымда Соня Жиенбаева мен Ивета Дапкуте словакиялық Катарина Кузмова және Нидерланд өкілі Стефани Джудит Виссхер жұбымен кездеседі.
Айта кетейік, Соня Жиенбаева 10 сәуір күні Қазақстан құрамасы сапында Билли Джин Кинг кубогында дебют жасаған. Ол жекелей сында Канаданың танымал теннисшісі, US Open-2019 чемпионы Бьянка Андреескуға қарсы кортқа шыққан.