Жарнама
Жарнама

Қазақстандық теннисші Ресейдің бірінші ракеткасын жаттықтырады

Ресейдің жетекші теннисшісі, US Open чемпионы Даниил Медведев бапкерлер штабында өзгеріс жасады.

Қазақстандық теннисші Ресейдің бірінші ракеткасын жаттықтырады
instagram/@medwed33

Медведев пен Голубевтың ынтымақтастығы

Медведев швециялық маман Томас Юханссонмен әріптестігін тоқтатты. Енді ресейлік теннисші алдағы маңызды турнирлерге қазақстандық маманның жетекшілігімен дайындалмақ.

Даниил Медведев жаңа бапкерімен жұмысын бастағанын өзі растады. Оның сөзінше, алғашқы кезеңде Голубевпен бірге Цинциннатидегі "Мастерс" пен US Open турнирлеріне дайындалу жоспарланған.

"Қазір бірге жұмыс істеп көреміз. Оны жаңа бапкерім деп айтуға болады. Әзірге жоспарымызда Цинциннати мен US Open бар. Бұл ынтымақтастықтың қалай өрбитінін көреміз. Мен үшін бұл да жаңа тәжірибе. Қазір онымен жұмыс істеу ұнап жүр. Андрей — өте жақсы адам. Корттағы жұмыста да бір-бірімізді біртіндеп жақынырақ танып, түсіне бастаймыз. Әрі қарайғысы көптеген факторға байланысты болады" — деді Медведев.

Андрей Голубев кім?

39 жастағы Андрей Голубев Ресейдің Волжск қаласында дүниеге келген және тенниспен де сол жерде айналыса бастаған.

2008 жылдан бастап халықаралық жарыстарда Қазақстан атынан өнер көрсетті.

Негізгі жетістіктері:

  • ATP турнирінде жекелей сында бір рет чемпион атанды;
  • ATP рейтингінде мансабындағы ең жоғары көрсеткіш — 33-орынға көтерілді;
  • жұптық сында "Ролан Гаррос-2021" финалына дейін жетті;
  • Қазақстан құрамасы сапында халықаралық турнирлерге қатысты.

Даниил Медведев қазақстандық маманның жетекшілігімен алғашқы жаттығуларын өткізіп үлгерді.

Ресейлік теннисші қазірг АҚШ-та өтетін Цинциннати Masters турниріне дайындалып жатыр. Ол жарысты екінші айналымнан бастайды. Алғашқы қарсыласы сербиялық Хамад Меджедович пен аргентиналық Марко Трунгеллити арасындағы жеңімпаз болады.

Жарнама
Жарнама