Шавкат Рахмоновтың октагонға оралатын уақыты белгілі болды

Редактор Penalty.kz
12.05.2025, 16:12

Қазақстандық ММА жұлдызы Шавкат Рахмоновтың UFC-ге оралатын мерзімі белгілі болды. Бұл туралы оның бапкері Эдуард Базров "Спорт Шредингерге" берген сұхбатында мәлімдеді. 

bizmedia.kz

Тізе жарақатына операция жасалды

Базровтың айтуынша, Шавкаттың жарақаты бастапқыда ұзақ уақыт бойы зерттеліп, соңында операция жасау шешімі қабылданған.

"Шавкаттың тізесіне операция жасалды. Жарақатты көпке дейін зерттедік. Ақыры хирургиялық араласу қажет деп шештік. Енді оған 2-3 ай көлемінде толық реабилитация қажет болады. Содан кейін октагонға ораламыз. Қайтып келу мерзімі – күздің соңы немесе желтоқсан айы", – деді бапкері.

Чемпиондық белбеу – жаңа иеде

Рахмоновтың жоспарланған жекпе-жегі кейінге шегерілгеннен кейін, оның орнына октагонға шыққан австралиялық файтер Джек Делла Маддалена Белал Мұхаммедті жеңіп, жартылай орта салмақтағы жаңа чемпион атанды.

Бұл оқиғаға байланысты Шавкат өз реакциясын білдіріп, әлеуметтік желіде мынадай хабарлама қалдырды:

"Құтты болсын Джек Делла Маддалена! Ұзақ үзіліс пен жарақаттардан кейін өте жақсы нәтиже көрсеттің. Сен білесің – мен осы салмақтағы нағыз сынмын. Ерте ме, кеш пе, менің уақытым келеді!"