Спортшы бүгінде Қазақстан құрамасының атынан халықаралық ареналарда ел намысын қорғап жүр.
2025 жылғы "Кіші әлем чемпионаты" саналатын Странджа кубогының күміс жүлдегері Фаррух Тохтасынов кезінде спорт мектебінен шығарылғанын еске алды.
Қазақстан құрамасының мүшесі, болашағынан зор үміт күттіретін боксшы Фаррух Тохтасынов YouTube-тағы «Спорт Министрі» арнасына берген сұхбатында жасөспірім кезінде қиын сәттерді бастан өткергенін ашық айтты.
«Мен Алматыдағы "Шаңырақ" спорт мектебіне 8-сыныпта түстім. Бірақ 9-сыныпқа көшкенде мені оқудан шығарып жіберді. Маған хабарласып, "сенен боксшы шықпайды, құжаттарыңды алып кет" деді. Себебін сұрағанда, "саған жететін біліктілік жоқ" деп кесіп айтты. Мен ештеңе демедім, құжатымды алып кеттім. Ол кезде басқа бапкермен жұмыс істеп жүрген едім», – дейді Тохтасынов.
Фаррух Тохтасынов 2025 жылы өткен Странджа кубогында 71 келі салмақ дәрежесінде күміс жүлде жеңіп алды. Финалда ол тәжірибелі қарсылас, ұлттық құраманың тағы бір үздігі Абылайхан Жүсіповке жол берді.