Таиланд астанасында өтіп жатқан World Boxing ұйымдастырған жастар арасындағы Азия чемпионатында (U-19) қазақстандық боксшы Аяжан Ермек күміс медаль иеленді.
57 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Аяжан Ермек финалда үндістандық Мусканмен қолғап түйістірді. Тартысты өткен жекпе-жек төрешілердің бөлек шешімімен үнді боксшысының пайдасына аяқталды. Осылайша Мускан Азия чемпионатының “алтын” жүлдесін иеленді.
Аяжан Ермек чемпионаттағы жарысын күміс жүлдемен аяқтады. Бұл — Қазақстан үшін турнирдің алғашқы финалдық бәсекесі еді. Жалпы U-19 құрамасынан жеті боксшы “алтын” үшін айқасқа шықты.
Биылғы Азия біріншілігі ерекше тарихи мәнге ие. Себебі, U-19 және U-22 жас санаттары бойынша өтетін бұл жарыс — World Boxing ұйымының тұңғыш құрлықтық жастар турнирі. Бангкоктағы бәсеке Азия боксындағы жаңа кезеңнің бастамасы болып саналады.