Тихуана қаласындағы Auditorio Municipal аренасында өткен бокс кешінің басты жекпе-жегі күтпеген жерден жанжалға айналды. Жергілікті супержеңіл салмақ (63,5 кг дейін) өкілі Анхель Фиерро (23-3-2, 18 КО) отандасы Абрахам Кордеродан (16-6-2, 8 КО) дисквалификация арқылы жеңіліп қалды.
Боксшылар арасындағы шиеленіс жекпе-жек барысында үдей түсті. Рефери айқасты уақытша тоқтату туралы белгі бергенде Фиерро оған мән бермей қарсыласын ұрып жіберді. Кордеро да жауап қайтарды. Келесі сәтте Фиерро қарсыласына тағы да тап беріп, аяқпен тебуге дейін барды. Видеоға қарағанда соққылардың бірі төмен тұсқа тиген.
Осы ережебұзушылық үшін төрешілер шешімімен Фиерро дисквалификацияланды. Нәтиже: Кордеро DQ 3.
Анхель Фиерро 2025 жылды жарқын бастаған еді. Benavidez — Morrell PPV шоуы аясында ол Исаак Крусқа қарсы әсерлі айқас көрсеткен. Бірақ төрешілер шешімімен жеңілген. Маусым айында олар WBC Interim титулы үшін қайта кездесуі керек еді.
Алайда Фиерро салмақ түсіру кезінде қиындыққа тап болып, жекпе-жектен бас тартуға мәжбүр болды. Енді соңғы жанжал оның мансабына тағы да көлеңке түсірді.