2024 жылғы Олимпиада чемпионы, өзбек боксшысы Лазизбек Муллажонов допинг дауы толық шешілмегеніне қарамастан кәсіби рингке қайта шығады. Ол жетінші жекпе-жегін өткізуді жоспарлап отыр.
2025 жылдың шілде айының соңында Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) Муллажоновтың допинг сынамасынан тыйым салынған заттар анықталғанын хабарлаған.
11 маусымда, жарыстан тыс бақылау кезінде алынған сынамада метастерон метаболиттері табылған. Бұл зат WADA-ның S1.1 "Анаболикалық андрогендік стероидтер" тізіміне енгізілген және жарыс кезінде де, одан тыс уақытта да қолдануға қатаң тыйым салынған.
Метастерон – синтетикалық стероид, ол бұлшықет массасын арттырып, күш пен төзімділікті көбейтеді.
ITA мәліметінше, спортшы бұл туралы хабардар етіліп, «B» сынамасын тексеруге құқылы. Егер ол да оң нәтиже берсе, бұл антидопинг ережесін бұзу болып есептеледі.
Өзбекстан бокс федерациясы бұл жағдайға байланысты ресми мәлімдеме жасап, келесіні атап өтті:
«Біздің спортшы әрдайым антидопинг ережелерін қатаң сақтап келді. Барлық алдыңғы тесттері таза болған. Алайда, 2024 жылдың қараша айында Париж Олимпиадасынан кейін ол Ферғанадағы жеке клиникада шаш трансплантациясы операциясын өткізген. Сол медициналық ем кезінде оған құрамында тыйым салынған заттар бар препараттар тағайындалған болуы мүмкін».
Қазір Лазизбек Муллажонов кәсіби мансабын жалғастырып жатыр.
Ол 14 қазан күні жетінші кәсіби жекпе-жегін Ташкенттегі «Хумо-Аренада» өткізеді. Қарсыласы әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.
Айта кетсек, осы жылы ол WBC Гран-при турнирінің ширек финалына дейін жетіп, кейін жарысты өз еркімен тоқтатқан еді.