Premier Boxing Champions әлеуметтік желідегі ресми парақшасында Жәнібек Әлімханұлына арналған жазба мен бейнежазба жариялады.
АҚШ-тағы Premier Boxing Champions (PBC) ұйымы орта салмақтағы қазақстандық чемпион Жәнібек Әлімханұлының қаншалықты қауіпті екенін көрсететін бейнеролик жариялады. Ол 6 желтоқсанда кубалық Эрисланди Ларамен біріктірілген чемпиондық жекпе-жек өткізеді.
Онда қазақстандық боксшының қарсыласын нокаутқа түсірген сәттері көрсетілген. Жазбада ұйым былай деп сипаттайды:
«“Қазақ стилімен” жұдырықтасу қандай екенін білгіңіз келе ме? Жауабы — қарсыласының бетінде. 6 желтоқсанда Жәнібек орта салмақтағы WBA, WBO және IBF белбеулерін біріктіру үшін Эрисланди Ларамен кездеседі».
Бұл кездесу Сан-Антонио (Техас, АҚШ) қаласында өтеді. Жәнібек Әлімханұлы рингке WBO және IBF титулдарының иесі ретінде шығып, Лараның WBA белбеуін де өз коллекциясына қосуға ұмтылады.
Қазақстандық чемпион үшін бұл айқас мансабындағы ең маңызды сәттердің бірі болмақ. Жекпе-жек уақыты бойынша Қазақстанда 7 желтоқсан таңында көрсетіледі.