Спортшы екі Олимпиада чемпионы болуға бекініп отыр.
Қазақстан дзюдосының көшбасшысы Елдос Сметов Париж Олимпиадасындағы тарихи жеңістен кейін алдағы жоспары мен басты мақсатын жариялады. Бұл туралы sportarena.kz хабарлады.
Париждегі Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алғаннан кейін Сметов мансабында қысқа үзіліс алған. Алайда титулды спортшы мотивациясын жоғалтпағанын және үлкен мақсатқа бет алғанын атап өтті.
Елдос Сметовтің айтуынша, оның қазіргі басты арманы — Лос-Анджелес-2028 Олимпиадасында екінші рет чемпион атану.
«Қазіргі мақсатым — екі дүркін олимпиада чемпионы болу. Мен үш Олимпиадаға қатысып, барлық медаль түрін жеңіп алдым. Бірақ Қазақстан тарихында екі рет Олимпиадада жеңіске жеткен спортшы болған емес. Мен тарих жасағым келеді», — деді Сметов.
Жалпы, Қазақстан тарихында бұған дейін тек Илья Ильин екі мәрте Олимпиада чемпионы атанған, алайда кейін ол допингке байланысты медальдарынан айырылды.
Бүгінде Елдос Сметовтің қоржынында әлем чемпионатының алтыны мен Grand Slam сериясындағы жеңістері бар. Сонымен қатар, атақты спортшы үш дүркін олимпиада жүлдегері.
Айта кетейік, 2026 жылы дзюдошы татамиге қайта оралмақ. Алайда оның нақты қай турнирден бастайтыны әзірге белгісіз.
Оқи отырыңыздар: