Реклама
Реклама

"Бұл трагедия емес": Шавкат Рахмоновтың болашағына қатысты пікір айтылды

Сарапшы, спорт журналисі
Бүгін, 13:30

Қазақстандық ММА жауынгері соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың соңында өткізген болатын. Содан бері Рахмонов тізе жарақатының рецидивіне байланысты октагонға оралу мерзімі тағы ұлғайғанын айтқан еді.

Шавкат Рахмонов. Фото: Getty Images

Жуырда Шавкат Рахмоновтың тізе жарақатының рецидивіне байланысты октагонға шамамен 8-9 айға шеттетілгені жайлы ақпарат айтылған еді.

"Бірінші бол" YouTube-арнасында осы жағдайға қатысты қызықты пікір айтылды. ММА маманы, комментатор Исатай Мәдидің айтуынша Шавкат әлі оралады:

"Меніңше бұл трагедия емес. Бәлкім, әлеуметтік желіде Шавкат болғаннан кейін сенсацияға әкеліп, алгоритм үшін сұмдық нәрсе ретінде алатын шығар. Бірақ, біраз танымал спортшылар ауыр жарақат алып, кейін чемпион болған.

Ауыр жарақат, ұзақ реабилитация. Алысқа бармай-ақ, Хабибтің өзі кезінде екі жыл төбелесе алмай жүрген. Жарақаттың соңы жарақат, отадан кейін ота. Сөйтіп екі жыл уақытын жоғалтты. Нағыз жұлқынып тұрған кезі, 26-28 жастағы кездері. Бірақ түбі қайтып оралып, өз дегеніне жетті".

Сарапшының пікірінше, Рахмонов титулдық кездесуге шығу үшін, оралғаннан кейін бірнеше жекпе-жек өткізуі тиіс:

"Шавкат шыныменде топқа жақын. Бірден бастайды деп айтуға болмайды. Себебі ол кем дегенде екі титулдық жекпе-жекке мүмкіндік алған спортшы. Иә, бір рет өзі шығып қалды, екінші рет Белал жарақат алды. Бұл жігітке қазір аман-есен отадан өтіп, қалпына келе алса, кем дегенде бір-екі жекпе-жекті жеңуі керек", – деді Исатай Мәди.

Айта кетейік, Шавкат Рахмонов жартылай орта салмақтағы UFC рейтингінен оның тағы да шамамен он айға жекпе-жектен тыс қалатыны белгілі болғаннан кейін бірден алынып тасталды. Күтіліп отырған оралу сәтінде оның үзілісі шамамен екі жылға созылады. Рахмонов соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың желтоқсанында өткізіп, Иэн Гэрриді төрешілер шешімімен жеңген болатын.

Реклама
Реклама