Отандасымыздың жарақаты асқынуына байланысты ол тағы 9–10 айға спорттан тыс қалғаны еді.
Ресейлік Fight Nights ММА-промоушенінің президенті Камил Гаджиев UFC-де өнер көрсететін қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновтың қазіргі жағдайына қатысты пікір білдірді.
"Номад" соңғы рет октагонға 2024 жылдың соңында шыққан еді. Биыл айқас өткізуі мүмкін деген ақпар тарай бастағанда жарақатының асқынуына байланысты Рахмоновтың тағы 9–10 айға спорттан тыс қалғаны белгілі болды.
Камил Гаджиевтің айтуынша, Шавкат Рахмонов қазір өміріндегі ең қиын кезеңдердің бірін бастан кешіп жатыр.
"Шавкат қиынды кезеңді бастан өткеріп жатыр: жарақат, рейтингтегі жағдай, отбасындағы қиындықтар. Бұл – ауыр трагедия. Мұндай сәттерде адамға ең алдымен уақыт керек. Барлығы реттеледі деп үміттенеміз", – деді Гаджиев.
Fight Nights басшысының болжамынша, Рахмонов UFC чемпионы атағы үшін жекпе-жекке қайта оралады, бірақ оған дейін толық қалпына келуі қажет.
"Менің ойымша, Шавкат міндетті түрде титул үшін төбелеседі. Бірақ оған уақыт керек. Алдымен бір жекпе-жек өткізіп, октагонға қайта үйренуі тиіс. Ал титулдық айқас 2027 жылдың соңына қарай өтуі мүмкін", – деп атап өтті Гаджиев.