Реклама
Реклама

"Бұл бастамасы ғана" — Бақыт Сәрсекбаев Қазақстан боксшыларының әлеуетіне баға берді

Сарапшы, спорт журналисі
17.03.2026, 21:30

Қазақстан жасөспірімдер құрамасының боксшылары болашақта ел намысын ірі халықаралық жарыстарда қорғауға қауқарлы. Бұл туралы ұлттық құраманың аға бапкері Бақыт Сәрсекбаев мәлімдеді.

instagram/@b.sarsekbayev

Жас боксшылар бапкерлерді қуантты

Қазақстан құрамасының бапкерлік штабы соңғы уақытта жастар арасынан мықты былғары қолғап шеберлерінің шығып келе жатқанын атап өтті. Бақыт Сәрсекбаевтың айтуынша, қазіргі буын алдағы жылдары Олимпиада секілді дүбірлі додаларда ел үмітін ақтай алатын деңгейге жақындап келеді.

"Шын мәнінде, жастардың өсімі қатты қуантады. Болашақта Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын буын қалыптасып келеді. Әсіресе, соңғы кезде ұлттық құрамада ауыр салмақ дәрежелерінде мықты жігіттер көріне бастады. Жасөспірімдер қатарынан келген спортшылардың өзі қазірдің өзінде жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанда жақсы резерв бар", — деді бапкер.

Ауыр салмақтағы боксшыларға ерекше үміт артылып отыр

Бапкердің сөзінше, бұған дейін Қазақстан құрамасында 80, 85, 90 және 90 келіден жоғары салмақтарда белгілі бір қиындықтар болған. Алайда қазір бұл санаттарда болашағынан үміт күттіретін спортшылар бой көрсетіп үлгерген.

Сәрсекбаев әсіресе Нұрсұлтан Қыстаубай, Жалғас Өтебеков және Владислав Саможоновтың әлеуетін ерекше атап өтті. Оның пікірінше бұл боксшылар өз мүмкіндігін көрсетіп үлгерді, тек халықаралық деңгейдегі алғашқы жарыста тәжірибенің аздығы әсер еткен.

"Бұған дейін 80, 85, 90 және +90 келі салмақтарында белгілі бір мәселелер болды. Соған қарамастан Нұрсұлтан Қыстаубай, Жалғас Үтебеков және Владислав Саможонов өздерінің жоғары әлеуетін дәлелдеді. Сәл ғана сәттілік жетіспеді. Ұсақ техникалық қателіктер болды. Дегенмен, бұл жігіттерден үлкен үміт күтеміз. Олар үшін бұл алғашқы халықаралық жарыс, тәжірибе әлі де жеткіліксіз", — деді Сәрсекбаев.

Futures Cup турниріндегі нәтиже

Айта кетейік, Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы Futures Cup турнирінде сәтті өнер көрсетті. World Boxing федерациясы ұйымдастырған жарыста қазақстандық боксшылар жалпы саны 11 медаль иеленді.

Таиландта өткен аталған турнирде отандастарымыз:

  • 4 алтын медаль
  • 4 күміс медаль
  • 3 қола медаль жеңіп алды. 
Реклама
Реклама