Реклама
Реклама

Танымал қазақстандық боксшы АҚШ аңызының командасында жаттығып жүр

Сарапшы, спорт журналисі
18.03.2026, 19:20

Кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында әйгілі америкалық бокс аңызы Фернандо Варгастың залында оқу-жаттығу жиынын бастап кетті.

instagram/@toprank

Лас-Вегаста кімдермен бірге дайындалып жатыр?

Белгілі боксшы Instagram парақшасында Фернандо Варгастың ұлдары — Фернандо Варгас-кіші мен Амадо Варгаспен бірге түскен суретін жариялады.

Жанқош жазба астында өзінің мақсаты айқын екенін аңғартты.

"Фернандо Варгастың отбасымен бірге — бір мақсат. Ұлдары әке жолын жалғастырып келеді. Еңбек, тәртіп және чемпиондық рух", — деп жазды боксшы.

Қазір Жанқош Тұраров АҚШ-та бапкері Сағатбек Мұсаханов және Балауса Мұздыманмен бірге жаттығу өткізіп жатыр. Бұған дейін боксшы Америкаға Қазақстанның туын жоғары көтеру мақсатымен келгенін айтқан.

Фернандо Варгас кім?

Фернандо Варгас — америкалық бокстың ең танымал өкілдерінің бірі. Ол 1990-жылдардың соңы мен 2000-жылдардың басында ерекше танылды. Кәсіпқой рингте "Қаһарлы" деген лақап атпен белгілі болған.

1998 жылы небәрі 21 жасында IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды. Кейін бірінші орта салмақта екі дүркін әлем чемпионы болды:

  • IBF чемпионы — 1998-2000 жылдары
  • WBA чемпионы — 2001-2002 жылдары

Фернандо Варгастың ұлдары — Фернандо-кіші, Амадо және Эмилиано Варгас та кәсіпқой бокста өнер көрсетіп жүр. Яғни Жанқош Тұраров дәл қазір атақты бокс әулетімен бірге дайындық жүргізіп жатыр деуге болады.

Реклама
Реклама