UFC Қазақстанда турнир өткізбек. Мән-жайы айтылды
Алдын ала мәлімет бойынша, Қазақстанда Fight Night сериясындағы турнир өтуі мүмкін.
Әлемдегі ең ірі ММА ұйымы UFC Қазақстанда турнир өткізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы Hustle Show подкастының авторы Адам Зубайраев мәлімдеді.
Зубайраевтың айтуынша, Қазақстанда турнир өткізу идеясы бұрыннан бері талқыланып келеді.
"Бұл қандай масштабтағы шоу болатынын елестетіп көріңіз. Қызығушылық деңгейі өте жоғары болады. Қазақ жанкүйерлері барлық рекордты жаңартуы мүмкін", — деді ол.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай турнир бүкіл Орталық Азия үшін тарихи оқиғаға айналады. Ал UFC үшін жаңа нарық ашады.
Қандай форматта өтеді?
Алдын ала мәлімет бойынша, Қазақстанда Fight Night сериясындағы турнир өтуі мүмкін. Себебі чемпиондыққа талас турнирлері көбіне АҚШ пен Таяу Шығыста ұйымдастырылады.
Турнирдің нақты өтетін уақытына әсер ететін басты фактор — Шавкат Рахмоновтың жағдайы.
Қазақстанның басты жұлдызы:
- 2024 жылдың желтоқсанынан бері жекпе-жек өткізбеді;
- жақында тізесіне қайта операция жасатты.
"Олар басты жекпе-жекке Шавкатты қоюды жоспарлаған. Бірақ қазір ол емделіп жатыр. Сондықтан турнир жазда немесе жаздың соңына қарай өтуі мүмкін", — деді Зубайраев.
Рахмоновсыз да аншлаг болуы мүмкін
Сарапшылардың пікірінше, тіпті Шавкат Рахмонов турнирге қатыспаса да "Астана Арена" немесе Almaty Arena көрерменге лық толуы мүмкін.