Дмитрий Биволдың титулдық жекпе-жегі ресми жарияланды
Жартылай ауыр салмақтағы ресейлік кәсіпқой боксшы, 2025 жылғы абсолютті әлем чемпионы Дмитрий Бивол алдағы жекпе-жегі туралы мәлімдеме жасады.
Айқас Екатеринбургте өтеді
Белгілі боксшының айтуынша, оның келесі айқасы 30 мамыр күні Екатеринбургте RCC Boxing турнирі аясында өтеді.
"Екатеринбург, жақында жүздесеміз. 30 мамырда RCC Boxing кешінде келесі жекпе-жегімді өткіземін. Алда екі айлық тығыз дайындық бар. Көрермендерге әдемі әрі әсерлі айқас сыйлауға тырысамын. Баршаңызды сол кеште көруге қуанышты боламын", — деді боксшы.
Дмитрий Биволдың келесі қарсыласы — IBF нұсқасы бойынша міндетті үміткер Михаэль Айферт болады. Германиялық боксшының рекорды — 13 жеңіс, 1 жеңіліс, 5 нокаут.
Жекпе-жек 12 мың көрерменге арналған" УГМК-Аренада" өтеді. Бұл кездесу Бивол үшін чемпиондық белбеулерін қорғау жолындағы кезекті маңызды сынақ болмақ.
Бивол қандай формада келеді?
Қазір Дмитрий Бивол жартылай ауыр салмақтағы ең үстем боксшылардың бірі саналады. Ол әлемдік деңгейде 2022 жылы ерекше көзге түсті. Сол жылы ресейлік спортшы атақты Сауль Альваресті жеңіп, үлкен сенсация жасаған еді. Бұл жеңіс Биволдың мансабындағы шешуші кезеңдердің біріне айналды.
Кейін Артур Бетербиевпен өткен резонансты екі жекпе-жекте бақ сынап, нәтижесінде негізгі төрт титулды иеленді. Осылайша Бивол WBA, WBO, IBF және IBO белбеулерін біріктіріп, абсолютті әлем чемпионы атанды.
Айферт үшін басты мүмкіндік
Михаэль Айферт бұл жекпе-жекке мансабындағы ең маңызды мүмкіндік ретінде қарап отыр. Неміс боксшысы соңғы бірнеше жылда кәсіби мансабын біртіндеп қалыптастырып, рейтингтегі орнын нығайтты.
Оның қоржынында IBF интерконтиненталдық чемпионы атағы бар. Сондай-ақ Айферт Канадада Жан Паскальді жеңіп, өз деңгейін дәлелдей алған болатын. Енді ол әлемдік деңгейдегі ең үлкен мүмкіндікке ие болып отыр.
Айта кету керек, Дмитрий Бивол үшін бұл RCC промоушені аясындағы екінші айқас болмақ. Бұған дейін 2021 жылы Оралда өткен бокс кешінде Умар Саламовқа қарсы WBA Super титулын сәтті қорғаған еді.