Батыр Жүкембаев Өзбекстандағы жекпе-жек алдында жаңа видео жариялады

Сарапшы, спорт журналисі

Кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев Ташкенттегі алдағы айқас қарсаңында жаттығу барысынан видео жариялап, жанкүйерлерін жігерлендірді.

Батыр Жүкембаев Өзбекстандағы жекпе-жек алдында жаңа видео жариялады
instagram/@batyr_jukembaev

Жекпе-жекке дайындық

Бірінші жартылай орта салмақта өнер көрсететін Батыр Жүкембаев (24-1, 17 КО) әлеуметтік желіде кезекті жаттығу видеосын көрсетті. 

Instagram парақшасында жарияланған видеода боксшы зал ішінде "грушада" соққыларын пысықтап, алдағы жекпе-жекке толық дайын екенін байқатты. Сонымен қатар ол өзінің жауынгерлік көңіл-күйін де көрсетті.

Еске салсақ, Жүкембаев 9 мамырда Ташкенттегі "Humo Arena" кешенінде жергілікті боксшы Шохжахон Эргашевпен (26-2, 23 КО) қолғап түйістіреді.

Жүкембаев үшін маңызды камбэк

Алдағы жекпе-жек Батыр Жүкембаев үшін ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы айқас болады. Оның соңғы кездесуі 2025 жылдың сәуір айында Астанада өткен. Сол кезде британдық Кейн Гарднерді (18-5, 7 КО) төрешілердің бірауызды шешімімен жеңді. 

Айта кетейік, бұған дейін Батыр Жүкембаев жанкүйерлерімен дайындық барысынан тағы бір видео бөліскен. Онда ол қазақстандық тағы бір мықты боксшы Садриддин Ахмедовпен (16-0-1, 13 КО) бірге жаттығып жатқанын көрсеткен.