"Ондайларды көргенбіз": Төрехан Сабырхан алғашқы қарсыласын менсінбей тұр ма?

Сарапшы, спорт журналисі
01.04.2026, 22:45

Төрехан Сабырхан Ұлан-Батырда өтіп жатқан Азия чемпионатындағы алғашқы жекпе-жегіне дайындық барысы жайлы айтып, қарсыласына қатысты ойын жеткізді.

Instagram/@boxingkazakhstan

Жоғары деңгейдегі дайындық 

Қазақ боксшысы Моңғолиядан Қазақстан жанкүйерлеріне арнайы сәлем жолдап, оқу-жаттығу жиынының көңіл көншітетін деңгейде өтіп жатқанын атап өтті.

"Моңғолиядан барша Қазақстанға ыстық сәлем! Өздеріңіз көріп тұрғандай, жаттығу процесі өте жақсы жүріп жатыр. Барлығымыздың көңіл күйіміз де, дайындығымыз да жоғары деңгейде. Салмақ жағынан ешқандай мәселе жоқ. Енді Алланың қалауымен алдағы жекпе-жектерді күтіп отырмыз", — деді Төрехан Сабырхан.

Қарсыласын зерттеп үлгерді

Төреханның алғашқы қарсыласы — Оңтүстік Корея өкілі Ён Су Ким. Қазақстандық былғары қолғап шебері бапкерлік құраммен бірге қарсыластың мәнерін алдын ала саралап шыққан.

"Мен Ён Су Киммен алғаш рет қолғап түйістіргелі тұрмын. Жаттықтырушым екеуміз оны мұқият зерттедік. Ол көптеген боксшымен жұдырықтасқан екен. Өзі бойшаң, үнемі алға ұмтылып тұрады. Мұндай қарсыластарды біз бұған дейін Ливерпульде де, Таиландта да көргенбіз. Бұйырса, Нұржан ағай мен Ілияс ағайдың кеңесін тыңдап, жақсы нәтиже көрсетуге тырысамы"», — деді ол.

Басты фавориттердің бірі

Айта кетейік, Төрехан Сабырхан бұл құрлықтық додаға World Boxing тұжырымы бойынша әлем чемпионы және әлемдік рейтинг көшбасшысы ретінде келіп отыр.

Сондай-ақ өз сөзінде Азия чемпионатында Иордания өкілі Йашиш пен жапониялық Окадзава да өнер көрсетіп жатқанын, бірақ олардың турнирлік кестенің басқа бөлігінде тұрғанын айтты.

Төрехан әсіресе Қазақстан боксы үшін дәстүрлі түрде мықты саналатын 69, 71 және 80 келі салмақ дәрежелерінде ел намысын абыроймен қорғауға ниетті екенін жеткізді.
Қазақстандық боксшы Азия чемпионатындағы жарыс жолын 3 сәуір күні бастайды.

Реклама
Реклама