Назым Қызайбай әлем кубогына аттанады

Сарапшы, спорт журналисі
04.04.2026, 23:16

Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Назым Қызайбай World Boxing ұйымы ұйымдастыратын әлем кубогының алғашқы кезеңіне қатысу үшін Бразилияға жол тартады.

Instagram/@nazym_kyzaibay09

Соңғы жаттығуын өткізді

Тәжірибелі боксшы әлеуметтік желідегі парақшасында жаттығу барысынан видео жариялап, командамен бірге алдағы сапары жайлы айтты.

Боксшының айтуынша, бұл — Қазақстандағы соңғы жаттығуы:

"Бұрын терлемеген жерім де терледі. Жақсы жүгіріс болды. Қазір жаттығуымды аяқтап жатырмын. Бұл — осындағы соңғы дайындық. Егер бәрі сәтті өтсе, бүгін түнде Бразилияға ұшамыз. Жаттығудан кейін бір “жұлдыз” келеді, соны жаттықтырамын", — деді Қызайбай.

Әлем кубогы Бразилияда өтеді

Айта кетейік, 6–18 сәуір аралығында Қазақстан құрамасы халықаралық оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Ал World Boxing әлем кубогының алғашқы кезеңі 20–26 сәуір күндері Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында ұйымдастырылады.

Қазір турнирге қатысатындардың нақты тізімі ресми түрде жарияланған жоқ.

Еске салсақ, Назым Қызайбайдың соңғы ірі жарысы — 2025 жылдың қыркүйегінде Ливерпульдегі әлем чемпионаты. Ол бұл додада күміс жүлдегер атанды.

Реклама
Реклама