Бақыт Сәрсекбаев пен Қанат Ислам ұлттық құрамаға үміткерлерді іріктеді

Сарапшы, спорт журналисі

Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Бақыт Сәрсекбаев пен құраманың үйлестірушісі Қанат Ислам Түркістанда Бекзат Саттархановты еске алуға арналған халықаралық турнирде жас боксшыларды бақылап, ұлттық құрамаға үміткерлерді іріктеді.

Бақыт Сәрсекбаев пен Қанат Ислам ұлттық құрамаға үміткерлерді іріктеді
instagram/@islamkanatqazaq

Жаттықтырушылар әр жекпе-жекке мұқият назар аударды

Бейжің Олимпиадасының жүлдегері Қанат Ислам өзінің Instagram парақшасында турнирден видео жариялап, жарыс барысынан үзінділер көрсетті. Кадрлардан оның және Бақыт Сәрсекбаевтың әрбір жекпе-жекті жіті бақылап, Қазақстанның U-19 жастар құрамасына лайықты үміткерлер бойынша арнайы жазба жүргізгенін байқауға болады.

Бұл турнир жас таланттарды бағалау мен алдағы халықаралық сындарға команда жасақтау тұрғысынан маңызды кезең болды.

Айта кетейік, жарыс басталмай тұрып Қанат Ислам осы турнир қорытындысы бойынша Қазақстанның U-19 бокс құрамасына іріктеу жүргізілетінін мәлімдеген. Сондықтан Түркістандағы дода тек жүлде үшін ғана емес, ұлттық құрама сапына енуге мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.

Қазақ боксының танымал тұлғалары жаңа қызметте

Бақыт Сәрсекбаев — 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының чемпионы. Ал Қанат Ислам дәл сол Олимпиадада Қытай құрамасы сапында қола жүлде еншілеген.

Екі маман да 2026 жылы Қазақстан боксы жүйесіндегі жаңа қызметтеріне тағайындалды. Қазір олар жас буынмен жұмыс істеп, болашақ чемпиондарды іріктеуге атсалысып жатыр.

Түркістандағы турнирге жеті елден боксшылар қатысты

Бекзат Саттархановты еске алуға арналған 24-халықаралық турнир  Түркістанда 31 наурызда басталды. Байрақты бәсекеге жеті мемлекеттен 250-ден астам жас боксшы қатысты.

Сондай-ақ турнирде Қазақстанның барлық өңірінен келген құрамалар өнер көрсетті. Бұл өз кезегінде бәсекенің жоғары деңгейде өткенін көрсетті.