"400 миллион алды" деген айыпқа Еркебұлан Тоқтар ашық жауап берді
ММА файтері Еркебұлан Тоқтар әлеуметтік желіде тараған жекпе-жекті "сатты" деген айыптауларға қатысты пікір білдірді.
“400 миллион” туралы қауесет қайдан шықты?
Спортшының айтуынша, соңғы демалысы туралы жариялаған видеосынан кейін желі қолданушылары түрлі болжам жасай бастаған.
“Құрметті достар! Демалысқа келгенім туралы видео жүктедім. Сол посттың астындағы пікірлерді оқысам, „жеңісіңді букмекерлерге сатып, сол ақшаға демалып жүрсің“, „ар-намысыңды саттың“, „400 миллион алдың“ деген сөздер жазылып жатыр. Бұл сома қайдан шыққанын өзім де түсінбедім”, — деді Тоқтар.
Файтер логикаға жүгінуге шақырды
Еркебұлан Тоқтар мұндай айыптаулардың негізсіз екенін айтып, жанкүйерлерді шынайы жағдайды түсінуге шақырды. Оның сөзінше, ММА спортшыларына әлемдік деңгейдегі жұлдыздар секілді ірі ставкалар қойылмайды.
“Бізге миллиондап ақша тігілмейді. Біз „Реал Мадрид“ немесе Конор Макгрегор емеспіз. Көп жағдайда адамдар қызық үшін 5-10 мың теңге ғана қояды. Кейбірі тіпті 1-2 мың теңгемен шектеледі”, — деп түсіндірді ол.
Спортшы қарапайым есеп жүргізіп, мұндай сомалардың шындыққа жанаспайтынын жеткізді.
“Жекпе-жекті сату үшін астрономиялық ақша керек”
Файтердің айтуынша, жекпе-жекті әдейі ұту немесе ұтылу туралы келісімге келу үшін өте қыруар қаржы қажет.
“Егер, мысалы, 10 мың адам 2 мың теңгеден қойса, бар болғаны 20 миллион теңге жиналады. Сонда мен әдейі жеңілу үшін қанша алуым керек? Ондай шешімге бару үшін ұсынылатын сома өте үлкен, астрономиялық болуы тиіс”, — деді ол.
Айта кетейік, Еркебұлан Тоқтар мен қырғызстандық Марсель Нурланбек уулу арасындағы кездесу 27 наурыз күні Арменияның Ереван қаласында өткен Hype FC турнирінде өтті.
Жекпе-жек ММА қолғаптарымен бокс ережесі бойынша ұйымдастырылды. Қазақстандық спортшы бұл кездесуге қатарынан жеті жеңіспен және фаворит ретінде шыққан еді. Бірақ үш раунд қорытындысы бойынша төрешілердің бір ауыздан қабылдаған шешімімен жеңіс қырғыз файтеріне берілді.