Мейірім Нұрсұлтанов вице-президент атанды
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтанов елордадағы бокс ұйымдарының бірінде басшылық қызметке тағайындалды.
Федерация Нұрсұлтановтың жетістіктерін атап өтті
Ресми мәліметте Мейірім Нұрсұлтановтың халықаралық аренада Қазақстан намысын абыроймен қорғап жүрген танымал спортшы екені айтылған. Ол кәсіпқой бокста жоғары нәтижелерге жетіп, бірқатар беделді атақтарды иеленген.
Атап айтқанда, қазақстандық боксшы NABF нұсқасы бойынша Солтүстік Америка чемпионы, WBC America белбеуінің иегері, WBO International чемпионы. Сондай-ақ өз салмақ дәрежесінде WBC әлемдік титулына міндетті үміткер саналады.
Федерацияның жұмысы Астана спортымен тығыз байланысты
Қоғамдық бірлестік ресми түрде жекеменшік ұйым мәртебесінде болғанымен ол Астана қаласының әкімдігімен және спорт басқармасымен бірлесіп жұмыс істейді. Негізгі мақсат — өңірде боксты дамыту, қала құрамасын жасақтау және ресми жарыстар ұйымдастыру.
Қазір Мейірім Нұрсұлтанов WBC рейтингінде орта салмақта бірінші орында тұр. Ол осы дивизиондағы әлем чемпионы, доминиканалық Карлос Адаместің белбеуіне міндетті үміткер болып есептеледі.
Қазақстандық боксшының соңғы жекпе-жегі 2023 жылғы 17 қарашада Ташкенттегі Humo Arena кешенінде бокс кешінде болды. Сол кездесуде ол чилилік Хулио Аламоспен қолғап түйістіріп, төрешілердің бір ауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жетті.