Үш нокдаун және техникалық нокаут: Дина Исламбекова Әлем кубогын жарқын жеңіспен бастады (ВИДЕО)

Спорт шолушысы
Бүгін, 19:09

Қазақстандық боксшы Гуйян қаласындағы World Boxing ұйымының Әлем кубогы кезеңінде сенімді жеңіске жетті.

NUR.kz

Турнирді сенімді бастады

Қазақстан құрамасының өкілі Дина Исламбекова бокстан Әлем кубогының екінші кезеңіндегі алғашқы жекпе-жегін өткізді. Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан жарыста 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шықты.

Ширек финалда Исламбекованың қарсыласы ирландиялық Клиона Дарси болды.

Жекпе-жек басталған сәттен-ақ Дина Исламбекова рингтегі жағдайды өз бақылауына алды. Қарсыласына қысым жасап, дәл әрі ауыр соққыларымен ерекшеленді.

Бірінші раундта төреші ирландиялық боксшыға бір рет нокдаун санады. Екінші раундта Исламбекованың басымдығы одан әрі артып, қарсыласы тағы екі рет нокдаунға түсті.

Осыдан кейін төреші кездесуді тоқтатып, Дина Исламбекованың техникалық нокаутпен жеңіске жеткенін тіркеді.

Кемінде қола медаль иемденді

Бұл жеңістің арқасында қазақ қызы Әлем кубогының жартылай финалына шықты. Осылайша Дина Исламбекова турнирде кемінде қола медаль мойнына тағады. 

World Boxing ұйымы ұйымдастырып жатқан бокстан Әлем кубогының екінші кезеңі Гуйян қаласында 15-21 маусым аралығында өтеді.

Турнирге 44 елден шамамен 333 боксшы қатысып жатыр. 

Реклама
Реклама