Айбек Оралбай америкалық боксшымен ауыр жекпе-жекте жеңіске жетті (ВИДЕО)
Айбек Оралбай Қытайдың Гуйян қаласындағы Әлем кубогының екінші кезеңін жеңіспен бастады.
Әлем кубогындағы алғашқы кездесу
Қытайдың Гуйян қаласында бокстан Әлем кубогының екінші кезеңі басталды. Қазақстан құрамасының мүшесі Айбек Оралбай 90 келіден жоғары салмақта 1/8 финалдық жекпе-жекке шықты.
Оның қарсыласы АҚШ боксшысы Ннаджай Райт болды. Кездесу тартысты өтіп, америкалық боксшы жекпе-жектің басынан белсенді қимылдауға тырысты.
Алғашқы раундта Райт бірнеше соққыдан тұратын шабуылдар ұйымдастырып, қарқынды бастады. Бірақ әлем чемпионы асықпай әрекет етіп, қорғаныстан кейін нақты әрі дәл соққылармен жауап қайтарды.
Бірінші үш минуттықтың қорытындысында төрешілердің басым бөлігі басымдықты қазақ боксшысына берді – 4:1.
Екінші раундта да басымдығын сақтады
Екінші раунд та ұқсас сценариймен өтті. Ннаджай Райт шабуыл жасауын тоқтатпаса да, Оралбай қорғаныста сауатты қимылдап, қарсыласының әр әрекетіне жауап беріп отырды.
Қазақстандық боксшының тактикалық тұрғыдан ұтымды жұдырықтасуы төрешілер бағасына да әсер етті. Екінші раундтан кейін де есеп Айбектің пайдасына 4:1 болды.
Қарсыласы мұрнын жарақаттаса да, Оралбай жеңісті қолдан бермеді
Шешуші үшінші раундта жекпе-жектің қарқыны біршама төмендеді. Осы сәтте америкалық боксшы Айбек Оралбайдың мұрнын жарақаттап үлгерді.
Соған қарамастан қазақстандық суперауыр салмақ өкілі сабыр сақтап, кездесуді сенімді түрде соңына дейін жеткізді. Нәтижесінде Айбек Оралбай төрешілер шешімімен жеңіске жетіп, Әлем кубогының ширек финалына шықты.
Айбек Оралбай жартылай финал жолдамасы үшін келесі жекпе-жегін 19 маусым күні өткізеді.