Қазақстандық чемпион Әлем кубогының алғашқы айналымында сүрінді (ВИДЕО)
Наталья Богданова қытайлық боксшыдан айласын асыра алмады.
Қазақстандық боксшы Наталья Богданова Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан World Boxing Әлем кубогындағы алғашқы жекпе-жегінде жеңіліп қалды. 75 келіге дейінгі салмақта сынға түскен отандасымыз 1/8 финалда Қытай өкілі Бао Цзыиге жол берді.
Жекпе-жек тартысты өтті. Алайда төрешілердің шешімі бойынша жеңіс қытайлық боксшыға берілді. Кездесу қорытындысында Бао Цзыи 4:1 есебімен басым түсті.
75 келі салмақтағы бұл кездесу Қазақстан құрамасы үшін күтпеген нәтиже болды. Себебі Богданова турнирге фавориттердің бірі ретінде келген еді.
Наталья Богданова — әлем чемпионы
Наталья Богданова — Қазақстан әйелдер құрамасындағы ең беделді боксшылардың бірі. Ол 2025 жылы World Boxing нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды.
Сонымен қатар өткен жылы IBA ұйымдастырған әлем біріншілігінде қола медаль жеңіп алды.