Назым Қызайбай Олимпиада жүлдегерінен басым түсті (ВИДЕО)
Қазақстандық боксшы Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан Әлем кубогының екінші кезеңінде сәтті өнер көрсетті.
Олимпиада жүлдегерлерінің жекпе-жегі
Бұл кездесу турнирдің ең тартысты әрі назар аудартқан айқастарының бірі болды. Себебі екеуі де Париж Олимпиадасының қола жүлдегерлері. Назым Қызайбай 2024 жылғы Олимпиадада 50 келіге дейінгі салмақта жүлде алса, Им Э Джи 54 келіге дейінгі салмақта үздік үштікке енген.
Қазақ боксшысы мансабындағы басты жетістіктеріне негізінен төменгі салмақтарда – 48 және 50 келіде жеткен. Бірақ Қазақстан құрамасындағы жоғары бәсеке салдарынан Назым 54 келіге дейінгі салмақта күш сынап жүр.
Айта кетейік, 51 келіге дейінгі олимпиадалық салмақта Қазақстан құрамасының көшбасшысы ретінде Алуа Балқыбекова танылып келеді. Сондықтан тәжірибелі әрі титулды Қызайбай өз мүмкіндігін жаңа салмақта дәлелдеуге кірісті.
Жекпе-жек қалай өтті?
Назым Қызайбай алғашқы раундта сабырлы әрі сенімді қимылдады. Қарсыласын жылдам соққылармен тоқтатып, қорғаныстан шабуылға ұтымды ауыса білді. Төрешілер алғашқы үш минуттықта қазақ боксшысының басымдығын бірауыздан мойындады.
Екінші раундта да Қызайбай жекпе-жек тізгінін өз қолында ұстады. Арақашықтықты дұрыс сақтап, қарсыласының қарқынын арттыруына мүмкіндік берген жоқ. Бұл кезеңде төрешілердің басым бөлігі тағы да Назымның жеңісін тіркеді.
Қорытындысында Назым Қызайбай Им Э Джиді төрешілердің бөлек шешімімен 4:1 есебімен жеңіп, Әлем кубогының ширек финалына жолдама алды.