Аққалықов пен Умматалиев ОЖЖ-дағы жанжалдан кейін алғаш рет рингте кездеседі

Жекпе-жек шолушысы
16.06.2026, 23:00

Ертең Қытайдың Гуйян қаласында бокстан Әлем кубогының 1/8 финалдық кездесулері өтеді. 80 келіге дейінгі салмақта Қазақстан құрамасының өкілі Сабыржан Аққалықов өзбекстандық әлем чемпионы Жавохир Умматалиевпен шаршы алаңға шығады.

коллаж penalty.kz

Аққалықов әлем чемпионымен жұдырықтасады

Бұл кездесу турнирдегі қатардағы жекпе-жектің бірі ғана емес. Себебі қос боксшы бұған дейін Ташкенттегі бірлескен оқу-жаттығу жиынында болған оқиғадан кейін алғаш рет ресми жарыста кездескелі отыр.

Былтыр Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстан боксшыларының қатысуымен бірлескен оқу-жаттығу жиыны өткен. Кейін Сабыржан Аққалықов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында сол жиындағы спарринг кезінде өзбекстандық боксшылармен келіспеушілік болғанын айтқан.

Оның сөзінше, оқу-жаттығу спаррингтері "төрт өзбекстандық боксшы екі қазақстандыққа қарсы" форматында өткен. Аққалықов бірнеше қарсыласпен қатарынан жұдырықтасқан. Солардың арасында Жавохир Умматалиев те болған.

"Жылдамдық пен қаталдық артқан кезде жағдай эмоцияға ұласты. Бірақ ең бастысы, бәрі рингтің ішінде қалды. Бір-бірімізбен тіресіп қалдық, эмоция шығардық, кейін сабырға келіп, қол алыстық", — деген еді Аққалықов "Спорт Министрі" жобасына берген сұхбатында.

Бұған дейін тағы бір кездесу өтпей қалған

Айта кетейік, былтыр желтоқсан айында Дубайдағы IBA әлем чемпионатының жартылай финалында Сабыржан Аққалықов аталған жанжалға қатысы бар тағы бір өзбекстандық Фазлиддин Эркинбоевпен кездесуі тиіс болған.

Бірақ Эркинбоев жарақатына байланысты жекпе-жектен бас тартты. Осылайша көпшілік күткен айқас өтпей қалды. 

Аққалықов жаңа салмақта сәтті бастады

Қытайдағы Әлем кубогы Сабыржан Аққалықов үшін 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесіне ауысқаннан кейінгі алғашқы ірі турнир болып отыр.

Қазақстандық боксшы жарыстың бастапқы кезеңінде қытайлық Сяобао Вангты айқын басымдықпен жеңді. 

Ал Жавохир Умматалиев үшін қазақстандық боксшыға қарсы кездесу осы турнирдегі алғашқы жекпе-жек болмақ.

Реклама
Реклама