Сабыржан Аққалықов өзбек боксшысынан жеңіліп қалды (ВИДЕО)
Қытайдың Гуйян қаласында бокстан Әлем кубогының 1/8 финалында Сабыржан Аққалықов өзбекстандық Жавохир Умматалиевке жол берді.
Жаңа салмақтағы алғашқы жекпе-жек
80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ширек финал жолдамасы үшін Сабыржан Аққалықов пен Жавохир Умматалиев шаршы алаңға шықты.
Бұл кездесу бокс жанкүйерлері мен мамандардың ерекше назарында болды. Бұған дейін Аққалықов 75 келі салмақта әлемдегі мықты былғары қолғап шеберлерінің бірі саналған. Ал Гуйяндағы турнир жаңа салмақтағы алғашқы маңызды сынақ болды.
Қазақстандық боксшының еншісінде бұған дейін Астанадағы Әлем кубогы кезеңіндегі жеңіс, IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионатының күміс жүлдесі және Азия чемпионатындағы алтын медаль бар.
Ал 21 жастағы Жавохир Умматалиев жартылай ауыр салмақтағы қазіргі әлем чемпионы ретінде танылып отыр.
Төрешілер бірінші раундта өзбек боксшысына басымдық берді
Жекпе-жектің алғашқы раундында Умматалиев қарсы шабуылға көбірек иек артты. Ал Сабыржан Аққалықов белсенді қимылдап, алға ұмтылып, шабуылдарын түрлендіруге тырысты.
Қазақстандық боксшының соққылары жиірек дарығандай көрінгенімен төрешілердің төртеуі бірінші раундты өзбекстандықтың пайдасына берді.
Екінші раундтағы нокдаун
Екінші раундта екі боксшы да қарқынды қимылдап, ашық айқасқа көшті. Көп соққы жасап, бірнеше мәрте дәл тигізді.
Раундтың соңына қарай Аққалықов ауыр соққы өткізіп алып, төреші оған есеп ашты. Осы нокдаун Умматалиевтің ұпай санын арттырып, жекпе-жектің жалпы нәтижесіне айтарлықтай әсер етті.
Умматалиев ширек финалға шықты
Үшінші раундта Сабыржан жағдайды өзгертуге тырысқанымен өзбек боксшысы ұпай басымдығын сақтап қалды. Қорытындысында төрешілердің шешімімен Жавохир Умматалиев 3:2 есебімен жеңіске жетіп, ширек финалға жолдама алды.
Осылайша Аққалықов Гуйяндағы Әлем кубогының 1/8 финалында жарыс жолынан шығып қалды.