Спорт министрлігі Нұрбек Оралбайдың әлем кубогындағы жеңілісіне алаңдаулы
Нұрбек Оралбайдың Қытайдың Гуйян қаласындағы Әлем кубогындағы жеңілісі спорт мамандары арасында талқыланып жатыр.
Ширек финалда өзбек боксшысына есе жіберді
Нұрбек Оралбай 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің ширек финалында өзбекстандық Турарбек Хабибуллаевпен кездесті. Тартысты өткен жекпе-жек төрешілердің бөлек шешімімен аяқталып, жеңіс өзбекстандық боксшыға берілді. Қорытынды есеп — 3:2.
Бұл жекпе-жекке қатысты ҚР Туризм және спорт министрлігіне қарасты Спортты дамыту дирекциясы баспасөз қызметінің жетекшісі Аян Төлеген өз пікірін білдірді.
"Алғашқы суперорталықазиялық дерби өтті. Ауыр салмаққа ауысқан Нұрбек Оралбай 90 келіге дейінгі салмақтағы қазіргі әлем чемпионы Тұрарбек Хабибуллаевтан жеңілді. Мен болжағандай, жекпе-жек өте жақын өтті, есеп те соны көрсетіп тұр — 3:2. Өзіме бұл айқас ұнады", — деп жазды ол Telegram-арнасында.
Азия ойындары алдындағы басты сұрақ
Аян Төлеген бұл нәтижеден кейін Қазақстан құрамасының бапкерлер штабы үшін маңызды мәселе туындағанын атап өтті. Оның сөзінше, алдағы Азия ойындарына дейін 90 келіге дейінгі салмақта кім негізгі үміткер болатыны нақты анықталуы қажет.
"Енді бізді нақты алаңдататын сұрақ бар: Азия ойындарында бұл салмақты кім жабады? Бар болғаны үш ай қалды. Бапкерлер штабының жұмысы көбейгені анық", — деді ол.
Нұрбек Оралбайдың жаңа салмаққа бейімделуі Қазақстан бокс құрамасы үшін маңызды кезеңге айналып отыр. Әлемдік деңгейдегі қарсыласпен тең дәрежеде жұдырықтасқанымен нәтиже отандық бокс жанкүйерлері мен мамандарын ойландырмай қоймайды.