Назым Қызайбайдың медалі және кезекті шығын: Қазақстан құрамасы Кубоктың төртінші күнінде қалай өнер көрсетті

Жекпе-жек шолушысы

Қытайдың Гуйян қаласында World Boxing Кубогының екінші кезеңінде Қазақстан құрамасының үш өкілі шаршы алаңға шықты.

Назым Қызайбайдың медалі және кезекті шығын: Қазақстан құрамасы Кубоктың төртінші күнінде қалай өнер көрсетті
Instagram/@boxingkazakhstan

Балқыбекова 1/8 финалда жеңіске жетті

51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Алуа Балқыбекова 1/8 финалда венесуэлалық Ирисмар Кардосомен кездесті. Тартысты өткен жекпе-жекте қазақ қызы төрешілердің екіге жарылған шешімімен жеңіске жетті — 4:1.

Бұл нәтиже Балқыбековаға келесі кезеңге жолдама берді.

Назым Қызайбай кемінде қола жүлдегер

54 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай ширек финалда польшалық Виктория Беата Рогалиньскамен жұдырықтасты.

Қызайбай бұл кездесуде де тәжірибесі мен шеберлігін көрсетіп, төрешілердің шешімімен жеңіске жетті — 4:1. Осылайша ол World Boxing Кубогында кемінде қола медаль еншіледі.

Санатәлі Төлтаев жарысты аяқтады

Қазақстан құрамасы үшін жарыс күні толықтай сәтті өтті деуге келмейді. 65 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Санатәлі Төлтаев 1/8 финалда ұлыбританиялық Патрис Мугалзайға қарсы шықты.

Жекпе-жек қорытындысында төрешілер жеңісті британиялық боксшыға берді — 0:5. Осылайша Төлтаев Гуйяндағы турнирдегі өнерін аяқтады.

Айта кетейік, World Boxing Кубогының екінші кезеңі Қытайдың Гуйян қаласында 21 маусымда мәреге жетеді. Турнирге әлемнің 44 елінен 333 боксшы қатысып жатыр.