Ермахан Ыбырайымов Қазақстан мен Өзбекстан боксшыларының жиі бірлескен оқу-жаттығу жиынына қарсы шықты

Бокс шолушысы

Белгілі маман мұндай дайындықтың пайдасы бар екенін мойындағанымен оны тым жиі өткізу боксшыларға кері әсер етуі мүмкін екенін айтты.

Ермахан Ыбырайымов Қазақстан мен Өзбекстан боксшыларының жиі бірлескен оқу-жаттығу жиынына қарсы шықты
el.kz

Өзбекстанмен тәжірибе алмасудың пайдасы

Ермахан Ыбырайымовтың сөзінше, Өзбекстан құрамасымен бірге жаттығу өткізу қазақстандық боксшылар үшін маңызды тәжірибе бола алады. Себебі қазір Өзбекстан әлемдегі ең мықты бокс мектептерінің бірі саналады.

"Мен Еділовтің ұсынысымен келісемін. Өзбекстан құрамасымен арнайы оқу-жаттығу жиындарын өткізу және спаррингтер ұйымдастыру боксшылардың деңгейін көтеруге көмектеседі. Қазір Өзбекстан — әлемдегі ең мықты бокс мектептерінің бірі. Сондықтан тәжірибе алмасудың пайдасы зор", — деді Ыбырайымов.

Үш айда үш жиын өткізу тым көп

Соған қарамастан Олимпиада чемпионы мұндай жиындардың жиілігіне назар аудару керек деп есептейді. Оның айтуынша, үш ай ішінде үш бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізу артық болуы мүмкін.

Ыбырайымов боксшыларға тек спарринг емес, толыққанды қалпына келу, техникалық және тактикалық дайындық, сондай-ақ жеке қателіктерді түзету де маңызды екенін атап өтті.

"Менің ойымша, үш айда үш жиын өткізу — тым көп. Боксшыларға спаррингтен бөлек, қалпына келу, техника-тактикалық дайындық және жеке қателіктермен жұмыс істеу қажет. Сондықтан жылына бір немесе екі бірлескен жиын жеткілікті", — деді ол.

Жыл басынан бері Қазақстан мен Өзбекстан бокс құрамалары үш рет бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізген. Олардың екеуі Түркістан облысындағы "Алма-Тау"спорт базасында ұйымдастырылса, тағы бір жиын Өзбекстандағы Янгиабад кентінде өтті.

Бұған дейін Тұрсынғали Еділов те пікір білдірген

Айта кетейік, бұған дейін бокстан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов те осы мәселеге қатысты ұқсас пікір айтқан.

Ол да Өзбекстан құрамасымен дайындықтың пайдалы екенін, бірақ мұндай жиындарды тым жиі өткізу спортшылардың жеке дайындығына кедергі келтіруі мүмкін екенін жеткізген.