Джахонгир Зокиров Zuffa Boxing-тегі басты қарсыласы ретінде Иван Дычконы атады

Жекпе-жек шолушысы
01.07.2026, 18:50

Аса ауыр салмақтағы өзбекстандық боксшы кәсіби және әуесқой рингтегі жоспарлары туралы айтып, қазақстандық қарсыластарына жеке тоқталды.

olympic.uz

Zuffa Boxing-тегі қарсыластары туралы

Әуесқой бокспен қатар кәсіби рингте де өнер көрсетіп жүрген Джахонгир Зокиров Zuffa Boxing ұйымындағы жағдайы мен алдағы жоспарына қатысты пікір білдірді. Өзбекстандық суперауыр салмақ өкілі Дана Уайтпен жеке кездеспегенін, бірақ оның жаттығуын сырттай бақылағанын айтты. Сонымен қатар Зокиров Zuffa Boxing өкілдерімен сөйлескенін жеткізді.

Оның айтуынша, промоушен басшылығы оның соңғы жекпе-жектегі жеңісін күткен. Бірақ айқастың мерзімінен бұрын аяқталатынын болжай қоймаған.

Зокиров Zuffa Boxing ұйымындағы ауыр салмақ өкілдері арасында қазақстандық Иван Дычко мен Энди Крузды ерекше атады. Оның пікірінше, дәл осы боксшылар чемпиондық белбеуге барар жолдағы басты қарсыластары болуы мүмкін.

Боксшыдан келесі қарсылас ретінде Дычко мен Круздың бірін таңдаса, кіммен айқасқысы келетіні сұралды.

“Алдағы жекпе-жектерде біз бірден кездесе қоймайтын шығармыз. Бірақ таңдау мүмкіндігі болса, Иван Дычконы таңдар едім. Онымен айқас қызығырақ болар еді.”

Zuffa Boxing-тегі дебют қалай өтті?

Джахонгир Зокиров 29 маусымға қараған түні Лас-Вегаста Zuffa Boxing 08 турнирінде сәтті дебют жасады.

Алты раундқа жоспарланған кездесуде бұған дейін жеңілмеген америкалық Закари Спиллерге қарсы шықты. Зокиров қарсыласын бірінші раундта нокдаунға түсіріп, екінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті.

Осы жеңістен кейін ұйым өкілдері өзбек боксшысының әлеуетін жоғары бағалап, оны Zuffa Boxing-тегі ең жас ауыр салмақ өкілдерінің бірі ретінде атап өткен.

Азия ойындарындағы басты қарсыластар

Зокиров алдағы Азия ойындарында әуесқой боксқа қайта бейімделуге дайын екенін айтты. Оның сөзінше, кәсіби және әуесқой бокс арасында айырмашылық көп, алайда ол қажетті дайындықтан өтіп үлгеретініне сенімді.

Өзбекстандық боксшы әуесқой рингтегі негізгі қарсыластары қатарында Қазақстан құрамасының капитаны Айбек Оралбайды, Давид Чалоянды, Дамар Томасты және бразилиялық Жоэль Рамосты атады.

Оралбай мен Зокиров әуесқой рингте бұған дейін үш рет кездескен. Қазіргі есеп бойынша қазақстандық боксшы алда – 2:1.

Олардың алғашқы жекпе-жегі 2024 жылдың желтоқсанында Азия чемпионатында Оралбайдың жеңісімен аяқталды. 2025 жылы Әлем кубогында Зокиров есе қайтарды.

Ал үшінші кездесу 2025 жылдың қыркүйегінде Ливерпульдегі әлем чемпионатының финалында болды. Тартысты айқаста Айбек Оралбай төрешілердің бөлінген шешімімен жеңіске жетіп, қарсыластар арасындағы трилогияда қайта алға шықты.

Зокиров салмақ тастағанын мойындады

Сұхбат барысында Джахонгир Зокиров соңғы уақытта айтарлықтай салмақ тастағанын да айтты. Оның сөзінше, АҚШ-тағы дайындық кезінде Zuffa Boxing оған жеке диетолог берген.

Боксшының айтуынша, бұл маман UFC жұлдызы Ислам Махачевпен де жұмыс істейді. Диетологтың кеңестерінен кейін Зокиров тамақтану тәртібін толық өзгертіп, қазіргі физикалық формасына келген.

Реклама
Реклама