Балауса Мұздыман рингке қайта оралады: 11 ай күткен жекпе-жек ресми жарияланды

Спорт шолушысы

Қазақстандық кәсіпқой боксшының келесі жекпе-жегі ресми жарияланды.

Балауса Мұздыман рингке қайта оралады: 11 ай күткен жекпе-жек ресми жарияланды
instagram/@muzdi___

Алматыда жұдырықтасады

Қазақстандық бокс жанкүйерлері күткен жаңалық ресми жарияланды. Кәсіпқой рингте 9 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен Балауса Мұздыман 25 шілдеде Алматыда шаршы алаңға шығады.

Кеш “Балуан Шолақ” спорт сарайында өтеді. Әзірге қазақстандық боксшының қарсыласы белгісіз. Ұйымдастырушылар бұл ақпараттың жақын уақытта жарияланатынын хабарлады.

Балауса Мұздыманның соңғы жекпе-жегі 2025 жылдың 5 қыркүйегінде Алматыда өтті. Сол кездесуде үндістандық Мамта Сингхты айқын басымдықпен тізе бүктірді.

Қазақстандық боксшы қарсыласын үш рет нокдаунға жіберіп, төртінші раундта техникалық нокаутпен жеңді. Осы жеңістің арқасында Мұздыман екінші ең жеңіл салмақ дәрежесінде UBO нұсқасы бойынша вакантты әлем чемпионы титулын иеленді.

Желтоқсандағы жекпе-жек неге өтпеді?

Балауса 2025 жылдың 27 желтоқсанында Алматыда қайта рингке шығуды жоспарлаған. Дегенмен желтоқсан айының ортасында боксшы жарақатына байланысты кездесудің өтпейтінін мәлімдеді.

Айтуынша, оған мойын жарақаты кедергі болған. Осыдан кейін Мұздыман біраз уақыт қалпына келуге және дайындыққа көңіл бөлді.

2026 жылдың көктемінде Балауса АҚШ-та оқу-жаттығу жиынын өткізді. Сол кезеңде алдағы мақсаты абсолютті әлем чемпионы атану екенін ашық айтты.

Мұздыманның қазіргі рекорды – 9 жеңіс, 0 жеңіліс, 7 нокаут. Бұл көрсеткіш оның кәсіпқой бокстағы әлеуеті жоғары екенін дәлелдейді.