Бақыт Сәрсекбаев бастаған Қазақстан жастар құрамасы Азия чемпионатына аттанды

Жекпе-жек шолушысы
04.07.2026, 18:27

Бокстан U-19 жасөспірімдер құрамасы Азия чемпионатына қатысу үшін Индонезия астанасы Джакартаға жол тартты.

instagram.com/u19_kazakhstan/

Джакартадағы құрлық додасы

Бокстан 19 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасы 2026 жылғы Азия чемпионатына аттанды. Турнир U-19 және U-23 жас санаттары арасында 3-16 шілде аралығында Джакартада өтеді.

Бұл туралы жаттықтырушы Рустам Сваев әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлап, әуежайда түсірілген командалық суретті жариялады.

Құраманы Бақыт Сәрсекбаев бастап барады

Команданы құрлықтық додаға Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев дайындап апарды. Ол жастар құрамасының аға жаттықтырушысы ретінде ел намысын қорғайтын боксшыларға жетекшілік етеді.

Рустам Сваев өз жазбасында ұлттық құраманың Индонезиядағы байрақты бәсекеге салтанатты түрде шығарып салынғанын атап өтті.

“Бүгін Қазақстанның бокстан ерлер жастар құрамасын Индонезияда өтетін U19/U23 Азия чемпионатына салтанатты түрде шығарып салдық. Ұлттық құрама беделді турнирде ел намысын Олимпиада чемпионы, аға жаттықтырушы Бақыт Сәрсекбаевтың жетекшілігімен қорғайды. Спортшыларымызға мықты денсаулық, жоғары жауынгерлік рух, өз күшіне сенім және жеңісті жол тілейміз! Әр жекпе-жек сәтті өтіп, Қазақстанның Мемлекеттік туы жеңістеріміздің құрметіне жиі көтерілсін!” — деп жазды бапкер.

Қазақстан 39 боксшымен бақ сынайды

Джакартадағы Азия чемпионатына аймақтың ең мықты жастар құрамалары қатысады. Қазақстан бұл жарысқа 39 боксшыдан тұратын делегациямен барады.

Турнирдің басты тартыстарының бірі Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары арасындағы медальдық бәсеке болмақ. Екі ел де Азия боксының жетекші күштері саналады, сондықтан жанкүйерлер бұл қарсыластыққа ерекше назар аударып отыр.

Қазақстан құрамасы сапында Нұрбек Мұрсал мен Темірлан Мұқатаев секілді болашағынан зор үміт күттіретін жас боксшылар бар. Өзбекстан құрамасы да жарысқа мықты құраммен келді. Олардың қатарында Фазлиддин Эркинбоев пен Фариёзбек Дусматов секілді талантты боксшылар бар.

Реклама
Реклама